Ұлытау облысында 16 медицина мекемесі пайдалануға беріледі

Ұлытау облысында биыл 16 медицина мекемесі пайдалануға беріледі.

Олардың бәрі ауылды аймақтарда орналасқан. Осылайша шалғай елді мекендерде заманауи ғимараттар бой көтеріп жатыр.

Ұлытау облысындағы жаңа медицина мекемелері денсаулық сақтау саласын жаңғырту бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Республикалық және жергілікті бюджет қаржысына бой көтеретін нысандарды құрылыс басқармасы қадағалайды. Жауапты мекеме басшыларының айтуынша, кестеден кешігу жоқ.

Ринат Алматов, Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда 7 нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толық көлемде жүргізілуде. Яғни бесеуі бойынша қалған, қазіргі таңда модернизация жұмыстары жүргізілуде; техникаларды алып келу, алаңды дайындау, құрылыс алаңын дайындау мәселесі бойынша. Ал бір объекті бойынша кеше 27 шілдеде мердігер анықталды. Сонымен қатар аталған 16 объектінің барлығын жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. 

Ұлытау ауылында аудандық аурухана құрылысы қызу жүріп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салына бастаған жаңа нысан жақында ел игілігіне беріледі. Ұлытау ауданындағы ескі аурухана ғимараты ширек ғасыр бұрын ашылған. «Оның өзі жаңадан салынбаған. Балабақша ғимаратын аудандық ауруханаға айналдыруға тура келді. Ал жаңа ауруханада науқастар үшін барлық жағдай жасалады», - дейді мамандар.

Жұмаш Баймұратов, Ұлытау аудандық ауруханасының директоры:

- Бізде де кадрлар тапшылығы бар. Қазір осы жерде 13 дәрігер жұмыс істеп жатыр. Жаңадан салынып жатқан емхана бітетін болса, біз сол мекемеге көшеміз. Енді жаңадан дәрігерлер келу керек. «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бойынша 8,5 млн дәрігерге де, медбикелерге де бірдей беріледі. Нақты келемін деушілерге біздің есігіміз ашық. Ұлытауға келіп, жұмыс істеуге шақырамын. 

Аталған жобаны жүзеге асыру үшін 3 млрд теңге бөлінді. Қазір жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Ардақ Айбарұлы, Елизавета Шалина, Нұрбол Үздікбаев