Үкімет басшысы отандық дәрі-дәрмек өндірісін ұлғайтуды тапсырды
Еліміздегі дәрілік заттар үлесінде импорттық өнімдер басым, деп хабарлайды 24kz.
Шеттен келетін препараттардың бағасы да арзан емес. Қарапайым халықтың қалтасы көтере қоймайды. Сол себепті Денсаулық сақтау министрлігі таяу жылдары отандық дәрі-дәрмектің өндірісін 50%-ке жеткізуді көздеп отыр. Үкімет қаулысымен арнайы бағдарлама бекітіліп, отандық фармацевтиканы қолдау шаралары қолға алынған.
Отандық фармацевтика саласының әлеуеті мол. Бірақ дәрі-дәрмек нарығында әлі де импорттық өнімдердің үлесі басым. Сол себепті Үкімет қазақстандық өндірушілерді қолдау шараларын жылма-жыл арттырып келеді. Ең әуелі отандық фармацевтика өндірісін ұлғайтуға күш салынып жатыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Отандық фармацевтика саласын дамытудың маңызы зор. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында фармацевтика өндірісі 14,5%ке ұлғайды. Алайда саладағы әлеует бұдан әлдеқайда жоғары. Денсаулық сақтау министрлігіне осы көрсеткішті жыл соңына дейін одан әрі ұлғайтып, шығарылатын өнімдердің тізбесін арттыруды тапсырамын.
Биылғы 6 айда қазақстандық дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі 95 миллиард теңгеге жетті. Денсаулық сақтау министрлігі кең таралған ауруларға арналған дәрілер өндірісіне басымдық береді. Сол тізімдегі 283 препараттың 107-сі бүгінде Қазақстанда жасалады. Елімізде жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулар, сондай-ақ қант диабетіне қарсы дәрілер шығарылады. Ірі өндіріс орындары Шымкент, Алматы қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында шоғырланған.
Қанатбек Беріков, ҚР ДСМ фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту департаментінің бас сарапшысы:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2029 жылға дейін отандық дәрі-дәрмектің үлесін 50%-ке дейін жеткізу тапсырмасы берілген болатын. Осы тапсырманы орындау үшін қазіргі таңда Үкіметпен жол картасы бекітіліп, сол жол картасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Дәрілік заттарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша 10 жылға дейінгі шартты ұзарту қарастырылған. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақта орналасқан объектілерге мүлік және жер салықтарынан босату қарастырылған.
Отандық фармацевтикада олқылықтар да жоқ емес. Еліміздің жоғары аудиторлық палатасы жүргізген тексеру кезінде фармацевтикалық өнім айналымы саласында 36 жүйелік кемшілік анықталған. Бұдан бөлек, аудиторлар «СҚ-Фармация» серіктестігінің де жұмысын қатаң сынға алды. Бұл компания кейбір дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан әлдеқайда жоғары бағамен сатып алған. Жалпы аудит қорытындысы бойынша салада 3,7 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталған.
Тілеген Каскин, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі:
- Бұның ішінде тиімсіз жоспарлау 2,8 млрд, қаржылық бұзушылықтар 538 млн, активтерді тиімсіз пайдалану 385 млн теңгеге жетеді. Құқықбұзушылық белгілері бар 134 факт әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді. Ал аудит жүргізуге кедергі келтіргені үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Елдегі дәрі-дәрмек өндірісін дамыту мақсатында ірі шетелдік компаниялармен бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Келісім аясында елімізде ірі фарм компаниялардың филиалдарын құру көзделген. Инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау болады.
Авторы: Қуандық Танабас