Антибиотиктерді жөн-жосықсыз қолдануға болмайды – ДДСҰ

«Антибиотиктерге абай болайық. Оны дәрігердің тағайындауынсыз қолданудың арты жақсылыққа әкелмейді». Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай дабыл қағып отыр.

Бұл мәселе Алматыда өткен халықаралық семинарда талқыланды. Мамандардың айтуынша, адам ағзасындағы бактерия, вирустар мен паразиттер препараттарға төзімді болып барады. Яғни, ауру қоздыратын микроорганизмдер дәріге бейімделеді. Нәтижесінде емдеу шараларының тиімділігі азайып, басқаларға жұғу қаупі артады. Мұның бәрі дәрі-дәрмекті оңды-солды пайдаланудың кесірі. «Оған қоса кейбір дәріханалар күшті антибиотиктерді рецептісіз сата береді», - дейді мамандар.

Данило Ло Фо Вонг, ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының микробқа қарсы төзімділік бағдарламасының жетекшісі:

- Мысалы, науқастың жамбасына операция жасалады дейік. Бактерия түсіп кетуі ықтимал. Сондықтан ота жасалмас бұрын антибиотик беріледі. Егер науқастың ағзасында микробқа қарсы тұрақтылық қалыптасса, бұл өте қауіпті. Инфекция бойына тарап кетуі мүмкін. Сондықтан адамдар дәрігердің тағайындауынсыз өз бетінше емделіп, қалаған дәрісін іше бермеуі керек.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының» басқарма басшысы:

- Еліміздегі дәріханалардың барлығы бірдей министрліктің бұйрығын орындай бермейтіні өкінішті. Бұл ең алдымен бизнестің жауапкершілігі. Ал біздің елде кәсіпкерлерге еркіндік берілген. Сондықтан қазіргі уақытта қадағалап-бақылаушы мекемелер оларды негізссіз жауапқа тарта алмайды. Егер дәріханада антибиотик заңсыз сатылса, ол түбіртекпен расталуы керек. Сонда ғана құзыретті мекеме жеке тұлғаның шағымын қабылдап, дәріхананы тексере алады.