Жалақысы жоғары азаматтар МӘМС қорына жарнаны көбірек төлеуі мүмкін

Жалақысы жоғары азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына көбірек жарна төлеуі мүмкін.

Заңға өзгеріс енгізу бастамасы ұсынылып отыр. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов журналистермен өткен баспасөз кездесуінде айтты. Басқарма төрағасының айтуынша, бүгінде азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға табысының 2 пайызынан жарна аударады. Алайда бұл талап айлығы 850 мың теңгеден асатын тұрғындарға жүрмейді. Себебі, жалақысы бұл сомадан артылғандардан жарна алынбайды. Мәселен, елімізде еңбек өтілі жоғары, еңбекақысы 1,2 млн теңгеден асатындар бар. Алайда олар медициналық сақтандыру жарнасына осы 1,2 млн теңгенің 2 пайызын емес, 850 мың теңгенің 2 пайызын ғана төлейді.

Әбілқайыр Сқақов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасы:

- Заңда көзделген негізгі талап ол  МӘМС жарнасы азаматтың айлығы 850 мың теңгеден асса оның үстінен төленбейді. Жалпы қазір министрлікте осы мәселе қарастырылып жатыр. Министрлік тарапынан ұсыныс бар. Біздің қор да өз есептерін берді. Болашақта басқа мемлекеттік органдар қолдайтын болса, заңдық бастама ретінде ұсыныс енгізілетін болады.