Қазақстандық ғалымдар қатерлі ісікке қарсы препаратты сынақтан өткізді

Назарбаев Университетінің ғалымдары онкологияға қарсы препараттар дайындап жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Оның бірі клиникалық зерттеудің алғашқы кезеңінен сәтті өтті. Енді тиімділігін арттыру үшін препараттың қажетті дозасын анықтау керек. Ғалымдардың тағы бір тобы клиникалық сынаққа дейінгі зерттеулерді аяқтап қалды.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Бауыржан Үмбаевтың тоқ ішек қатерлі ісігін емдеуге арналған препаратты жасап жатқанына 2 жылдан асты. Жоба 2022 жылы құзырлы министрліктің грантын жеңіп алды. Ғалымның сөзінше, ауру кезінде CDC42 ақуызы шамадан тыс белсенді болады. Ол қатерлі ісік жасушаларының көбеюі мен таралуына әсер етеді. Сол себепті мамандар оны баяулатудың тиімді әдісін іздеуге кіріскен.

Бауыржан Үмбаев, Назарбаев Университеті жанындағы «National Laboratory Astana» жетекші ғылыми қызметкері:

- 2022 жылы біз фокусты аздап өзгерттік. Сөйтіп, қатерлі ісіктегі ақуызды тексеруге бел будық. Өйткені қартаю мен қатерлі ісік бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл ақуыз қартаюда да үлкен рөл атқарады. Байқағанымыз, өкпе, тері, тоқ ішек қатерлі ісігі кезінде осы ақуыз шамадан тыс белсенді бола түседі.

Зерттеу нәтижесінде қатерлі ісік жасушаларының көбеюін, миграциясын және инвазивтілігін тежеуге қабілетті нанобөлшек жасалды. Ақуыз белсенділігін төмендету процесін анықтауға Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары да көмектесіп жатыр.

Дәулет Қалдыбеков, Әл-Фараби атындағы қазұу химия және химиялық технология факультетінің аға оқытушысы:

- Полимер негізінде нанобөлшектер жасаймыз. Сол нанобөлшектерді синтездеудің негізгі мақсаты – оның көптеген қасиеттерін ескеру керек. Дәрілік заттың босап шығуын есептейміз. Химиялық процесстер қажет болады. Оны да қолданамыз.

Әрине, қатерлі ісікпен күресетін препарат жасауға ұзақ уақыт кетеді. Ғалымдар қысқа қарай өнімін жануарларда сынап көреді, кейін клиникалық сынаққа жолдайды. Ал Назарбаев Университеті зертханасының бас директоры Дос Сарбасовтың қатерлі ісікке қарсы препараты клиникалық сынақтың алғашқы кезеңінен сәтті өтті. Өнім ісік жасушаларын өздігінен жоюға бағытталған. Бұл үшін төмен концентрацияда С витаминінің D түрі мен мышьяктың көп дозасы біріктірілді.

Жансая Канкетаева, Назарбаев Университеті жанындағы «National Laboratory Astana» ғылыми қызметкері:

- Бұл біріншіден, қатерлі ісік клеткаларының қоректенуі мен жалпы метаболизміне қарсы бағытталған препарат. Мысалы қатерлі ісік – ол клеткалар адамның сау клеткаларынан бірнеше белгілер бойынша ерекшеленеді. Соның бір белгісі – олар глюкозаны қатты жақсы көреді және онда тотығу-тотықсыздану балансы бұзылған. Ол өзінің тиімділігі үшін қолданады, тез өсіп, тез тарау үшін. Біз осы белгілерін аламыз да, оған қарсы қолданамыз.

Қатерлі ісіктің бұл түрі қазіргі онкологиядағы ең күрделі мәселе. Сол себепті ғалымдар зерттеуге асқан жауапкершілікпен келген. Қазір тестілеудің екінші кезеңі жүріп жатыр. Дос Сарбасовтың командасы қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, препараттың қандай дозасын егу тиімді екенін анықтауда. Әзірге өнімді 60 науқас қолданып жатыр. Бәрі қатерлі ісіктің соңғы сатыларында.

Дос Сарбасов, Назарбаев Университеті жанындағы «National Laboratory Astana» бас директоры:

- Былтырғы қарашада біз 0,3 грамды қолданып көрдік. Бұл аса жоғары доза емес. Сонда да сынаққа қатысқан 6 науқастың денсаулығы тұрақтала бастады. Ісік өсуін тоқтатты. Ал бір науқастың ісігі 10%-ке төмендегенін байқадық. Бұл жақсы нәтиже, бірақ түбегейлі мүмкіндігіміз емес. Енді адам ағзасы көтере алатын ең жоғарғы дозаны анықтау маңызды. Қазір препараттың 0,65 грамын қолдануға рұқсат алдық. Ісікті азайту емес біздің мақсатымыз. Біз рак клеткаларын өлтіргіміз келеді.

Сәтін салса, қатерлі ісікке қарсы бұл препарат 2-3 жылдан кейін үлкен нарыққа шығады. Ғалымдар өнімнің бағасы тиімді болатынына сендірді. Оны күтіп отырған адам көп. Өкінішке қарай, жыл сайын обыр дерті 13 мың адамның өмірін жалмайды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Гүлнар Хасан, Өрден Жарқын, Ырыстанбек Оспанов