Қыркүйекте папиллома вирусына қарсы вакциналау басталады

Елімізде адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау басталады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл мәселе біраз жылдан бері қозғалып, шешімін таппай келеді.

Ал дамыған елдер әлдеқашан бұлт вакцинаны енгізіп, жатыр мойны ісігінен құтылған.

Ал біздің елде бұл дерт белең алып барады. Қазір 350 мың доза вакцина сатып алынған.

Оқушы қыздарды папиллома вирусына қарсы вакциналау елде алғаш рет 2013 жылы пилоттық жоба ретінде басталған еді. Алайда Павлодарда болған келеңсіз жағдайдан кейін тоқтап қалды. Себебі ата-аналар үрейленіп, вакцинадан жаппай бас тартады. Сөйтіп, Үкімет бағдарламаны тоқтатуға мәжбүр болды.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы:

- Павлодар облысында екі жағдай тіркелген, бірақ бұл жағдайлар вакцинацияға еш қатысы жоқ. Психо-эмоционалдық реакция болып, екі қызда обморок болған. Бірақ талдау өткізілді. Осы талдаудың нәтижесінде ол ешқандай вакцинаға қатысты емес.

Енді, міне, араға он жыл салып вакцинация қайта жанданбақ. Себебі осы аралықта жағдай қиындап кеткенін айтады дәрігерлер. Жатыр мойны обыры жасарып жатыр. «Яғни, осыдан 10 жыл бұрын 40-тан асқан әйелдерде анықталса, қазір, тіпті 25 жастан тіркеледі», - дейді дәрігер.

Бақытжан Советқызы, онкогинеколог:

- Қазақстанда жылына 1800 әйел учетқа алынады қатерлі ісіктің көрсетілімімен. 600 әйел жылына қайтыс болады. Көп қатерлі ісіктің негізгі себебі білінбейді бүгінгі күнге дейін, ал жатыр мойны ісігінің себебі белгілі. Ол – вирус. Ол вирусқа қарсы біз күрес жүргізе аламыз. Оған вакцинация жүргізу керек.

Ұлттық иммундау күнтізбесіне сәйкес вакцинация қыркүйек-қазан айлары аралығына жоспарланған. Және әзірге тек 11 жастағы қыздар ғана егіледі. Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның 350 мың дозасын сатып алдық дейді.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы:

- Вакцина АҚШ-та өндірілген. 4 валентті вакцина. Ол папиллома вирусының 4 түрінен қорғайды. Осы 4 түрі өте маңызды. Себебі 70% жағдайда жатыр мойны обырына әкеледі.

Адам папилломасы вирусының 200-ден астам түрі бар. Соның 7-еуі қатерлі ісік тудырады екен. Алайда вирус симптомсыз дамиды. Ауырсыну тудырған күннің өзінде оның даму сатысы жоғарылап кеткенін білдіреді. «Сондықтан осы екпе арқылы жаман аурудың алдын алмақшымыз», - дейді денсаулық сақтау мамандары.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Қали Несіпбай