Алматыда The Best of ASCO Kazakhstan саммиті өтті
Елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық адам онкологиялық ауруға шалдығады, деп хабарлайды 24kz.
Өкінішке қарай сүт безі, тоқішек, өкпе және асқазан, ішек жолдарының қатерлі ісігі азаймай тұр. «Бұл аурумен әлем болып күресу маңызды», - дейді дәрігерлер. Осыған орай Алматыда The Best of ASCO Kazakhstan саммиті өтті.
Айта кетейік, ASCO – бұл америкалық клиникалық онкология қоғамының ресми лицензияланған бағдарламасы. Онколог дәрігерлерді біріктіре отырып, қатерлі ісікпен күресуді көздейді. Мақсаты – зерттеу, білім беру және науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Мұндай жиын Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылды. Қатысушылар екі күн бойы онкология саласындағы соңғы жаңалықтарды талқылайды. Оған АҚШ, Оңтүстік Корея, Испания, Сауд Арабиясы, Грузиядан білікті мамандар шақыртылды.
Назгүл Омарбаева, онколог дәрігер:
- Жаңадан дәрілер шығып жатыр дүниежүзінде. Таргеттік емнің маңыздылығы және адамдардың өмір сүруін ұлғайтатын ем қолданылып жатыр. Соның бәрін ASCO Америкадан Қазақстанға, Орталық Азияға жеткізу тақырыбында жұмыс істеліп жатыр. Маммолог ретінде кеңес берем – аурудың алдын алу үшін скрингке қатысу керек. Бізде 40-70 жастың аралығында әйелдер адамдар әр екі жыл маммография түсіп тұруы керек.