МӘМС-те ақша бар, нәтиже жоқ

МӘМС-те ақша бар, нәтиже жоқ

АЛТЫНШЫ. Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек.

Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет.

Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс – деді Президент.

Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет.

Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек – деді Тоқаев.

Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет.

Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын – деді Президент.