Ақтөбеде дәрігер тапшы

Ауруханар мен емханаларда жалпы тәжірибелік дәрігерлер, хирургтар мен онколог, пульмонолог мамандар санаулы ғана.

Бұл өзекті мәселе екенін Президент кешегі Жолдауында атап өткен болатын. Ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырып, грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеуді тапсырған. Қазіргі таңда маман тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Бауыржан Дүйсенбаев – дәрігер-резидент. Ақтөбедегі медицина университетінде 7 жыл оқып, жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын игерген соң салалық резидентураға құжат тапсырған. Жүрек-қан тамырлары дертін емдейтін дәрігер-кардиолог атанғаннан кейін Ақтөбедегі іргелі медицина орталықтарының бірінде еңбек етуі тиіс.

Бауыржан Дүйсенбаев, дәрігер-резидент:

- Оқуды бітіргеннен кейін бес жыл көлемінде осы медицина орталығында, біз оқып жатқан университет қабырғасында бес жыл бойы еңбек ету бізге тапсырылған, міндеттелген. Сол себепті қазіргі уақыттан бастап жауапкершілікті сезінеміз.

Қазір Ақтөбе облысына қосымша 260 дәрігер қажет. Мәселен, нөмірі бірінші қалалық емханаға 63 мың тұрғын бекітілген. 12 жалпы тәжірибелі дәрігер 53 учаскені қамтып отыр. Медицина мекемесінің басшылығы балалар дәрігерінің де тапшы екендігін айтады.

Гүлжанат Лепесова, №1 қалалық емхананың бас дәрігері:

- Мұндай үлкен ауданда тек бір ғана отоларинголог-дәрігер жұмыс істейді. Балалардың көз дәрігері де жалғыз. Балалар хирургі, кордиолог пен эндокринолог та бір бірден. Біздің дәрігерлердің көтерген жүгі өте ауыр.

Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімдігі биыл 50 резидентке грант тағайындаған. Бұдан бөлек аудан мен ауылдарға аттанған жастарға да мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.

Мұратжан Қажығалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл 40-тан астам маман ауданға барады деп жоспарлануда. Оларға енді 8 жарым миллионнан үстемақы беріледі. Сол үстемақыға олар үй сатып алуға немесе көлік сатып алуға мүмкіндіктері бар.

Батыс Қазақстан медицина университетінің өкілдері резидентураға бөлінетін грант көлемінің жылдан жылға артып келе жатқандығын айтады. Оның ішінде жергілікті атқарушы билік тарапынан түсетін тапсырыс көп. Мәселен биыл Ақтөбе мен Атырау, Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстары 100-ден астам грант бөлді. Жалпы салалық медицинаға 317 интерн оқуға түскен.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов, 24.KZ, Ақтөбе