Медициналық бетперде тағу талабы дәрігерлерге ғана қатысты
Карантин мен маска тағу режимі 15 қыркүйекте басталады деген жалған аудиохабарламалар желіде желдей есіп жүр.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 вирусына қатысты тарап жатқан шектеулерді жоққа шығарды. Алайда биыл 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация басталатыны рас. Сол себепті бетперде тағу режимі тек медициналық қызметкерлерге ғана енгізіледі.
Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Медициналық қызметкерлерге ғана бетперде тағу міндеттелді. Бұл талап барлық азаматқа қатысты емес. Дәстүрлі немесе дәстүрлі емес емдеу жолдары бар ғой. Егер де мына жіті респираторлық вирусты жұқтырып, тұмаудың алғашқы белгілері пайда болса, азаматтар өз бетінше емделмеуі керек. Емханалардағы дәрігер ғана ем-домын белгілейді.