Елімізде ем алушыларға дұрыс күтім жасалып жатыр ма?

Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек. Президент халыққа Жолдауында осылай дегені белгілі.

Яғни, биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Ал, медицина саласының сарапшылары медицина сапасын көтеру және пациент қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет деп отыр. Бұл туралы Астанада өткен халықаралық конференция барысында айтылды. Ал айтулы шараның басы-қасында болған тілшіміз Айнұр Қуатқызы студияға келіп, толығырақ шолу жасамақ.

Арман Балтабайұлы, жүргізуші:

- Айнұр, бүгін емделуші қауіпсіздігі күні ғой. Елімізде ем алушыларға дұрыс күтім жасалып жатыр ма?

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Салаға бөлінген қыруар қаржыны жоғарыда өзіңіз айттыңыз. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұл жайтты Президент өз Жолдауында да айтқан болатын. Яғни, бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасы көпшілікті әбігерге салады.

Сондай-ақ мен бүгін осы Науқастың қауіпсіздігі күніне орай өткен халықаралық шараға қатысып, біраз медицина саласының тәуелсіз сарапшыларымен тілдесіп қайттым.

Осы тұста мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегін келтіргім келіп отыр. Әлемде науқастарға дұрыс күтім көрсетілмегендіктен, олардың 10%-і келеңсіз жайттарға тап болады екен. Амбулаториялық жағдайда 10 науқастың 4-і дәрігерлердің қателігінен зардап шегіп, денсаулығымен сыналып жатады. Мамандар мұндай тәуекелдердің алдын алуға және келеңсіз жайттарды барынша азайтуға шақырып отыр.

Сондай-ақ дәрігерлердің адам емдеудің орнына қағаз толтырумен уақыты өтеді дегенді жиі естиміз. Президенттің тапсырмасына сай бұл проблема енді түбегейлі шешілетін болды. Яғни, Бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе құрылады. Бұл да қарапайым емделушінің жағдайына қарай жасалып отыр.

Арман Балтабайұлы, жүргізуші:

- Науқастардың қауіпсіздігі туралы сөз қозғап отырмыз ғой. Енді осы жерде сұрағым келіп отырғаны еліміздегі медициналық ұйымдардың қызмет көрсету сапасы қандай екен?

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Осыдан біраз уақыт бұрын сала министрі Ақмарал Әлназарова еліміздегі бірқатар емдеу нысандарының тозып кеткенін айтқан болатын. Бүгінде медициналық нысандарды заманауи жабдықтармен жарақтандыру және күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Денсаулық сақтау инфрақұрылымының цифрлық картасы әзірленеді. Ал, халықаралық сарапшылар еліміздегі медициналық мекемелердің тек 45%-і ұлттық стандарттарға сай екенін айтып отыр. Ал, бұдан бөлек халықаралық бағалау деген бар. Яғни, бүгінде әлемдік JCI стандартының бағалауына еліміздегі тек 9 медициналық ұйымы сәтті өткен.

Мақсұт Күлжанов, Республикалық медициналық палата басшысы:

- Біздің медицина мекемелерін сапалы медициналық көмек көрсету үшін олар аккредитациядан өту керек. Ол сырттан көз деген сөз. Маманы, ғимарат, ішіндегі жабдықтары мен дәрілерінің сапасы қандай дегенді білдіреді. Біздің жүйеге сырттан қарау. Біз өзіміз ішкі жағынан қараймыз да, көп нәрсені көрмейміз. Ал мамандар мен сарапшылар қарап, дүниежүзілік деңгейдегі маман. Бірінші сол медициналық мекемеге пайдалы.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Науқастың қауіпсіздігіне байланысты тағы бір айта кетерлігі, еліміздегі онкологиялық қызметтің тарифі 20%-ке төмендеді. Өткен жылы азаматтарды емдеуге бөлінген 30 млрд теңгеден астам қаржы екінші деңгейлі банктердегі медициналық ұйымдардың шотына аударылды. Қазірде бюджеттің әрбір теңгесін оңтайлы пайдалану шаралары қабылданып жатыр. Мәселен, қаражатты орынсыз пайдалануға жол берген адамдар жауапқа тартылады. Бәрі бақылауда. Сонымен қатар қазір медициналық ақпараттық жүйелерде дәрілік заттарды есепке алу саясаты пысықталып жатыр.