Елімізде папиллома вирусына қарсы екпе егу басталды

Елімізде 11 жастан асқан қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салына бастады, деп хабарлайды 24kz.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің кешегі қаулысына сәйкес жас жеткіншектер жоспарлы тәртіппен вакцинацияланады. Сондай-ақ 12-13 жастағыларды қоса алып, оларды да иммундау жұмыстары жүргізіледі. Осылайша мамандар, жас жеткіншектерді жатыр мойны обырынан сақтауды көздеп отыр.

Астаналық Хадиша Сержанованың немересі 10 жаста. Яғни келер жылы адам папилломасы вирусына қарсы екпені алуға жасы жетеді. Вакцинадан жатырқамайтын оның отбасы бұл екпені де алып, аурудың алдын аламыз деп отыр.

Хадиша Сержанова, қала тұрғыны:

- Балаларым бүкіл вакцинаны алды. Одан ешқандай кері әсер болған емес. Немеремізге де салдырамыз. Өйткені мынадай өркениетті заманда неге біз өркениеттің медицинасын мүмкіндіктерін пайдаланбаймыз? Пайдалану керек деп ойлаймын. 

Еліміз 175 мың доза америкалық екпені сатып алды. Енді 11 мен 13 жас аралығындағы қыздар егіледі. Оны ата-ананың рұқсатымен және тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханадан тегін алуға болады. Дегенмен бұл тұста халықтың пікірі сан алуан. Бірі вакцинаны қолдаса, бірі қарсы. Ал енді бірі тіпті мұндай вирустың бар екенін білмейді.

Адам папилломасы вирусы – жатыр мойны обырын дамытатын негізгі фактор. Ол нәзік жандардың арасында жиі кездеседі. Елімізде жыл сайын мұндай диагнозбен 1900-ге жуық әйел тіркеліп, 600-дей әйел көз жұмады. Өкінішке қарай науқастардың басым бөлігі қатерлі ісік соңғы сатыға жеткенде ғана дәрігерге жүгінеді.

Жанерке Әжетова, гинеколог:

- Күніне екі әйел осы аурудан көз жұмады. Бұл өте көп. Өйткені Қазақстан Республикасында жатыр мойны обыры екінші орынды алып отыр. Вирустың, әрине, 70%-тен астамы осы жатыр обырына әкеп соқтырады. Одан басқа да «ротоглотка» дейміз, ауыз, жұтқыншақ мүшелерінің қатерлі ісігін тудыруы мүмкін.

Соңғы 10 жылдағы статистикаға сүйенсек, бұл дерт еліміздегі 5 мыңға жуық әйелдің өмірін қиған. «Оның себебі – көбіне жыныстық жолмен жұғатын адам папилломасы вирусы», – дейді мамандар. Сондықтан аурудың алдын алу үшін вакцинациялау маңызды. Елімізде екпе алу кезеңі кешеден басталды. Ал жалпы вирусқа қарсы вакцинация, әлемнің 135 елінде 15 жылдан астам уақыт бойы қолданып келеді.

Ерлан Кукубасов, Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты онкогинекология орталығының басшысы:

- Былтыр елдегі 2 мыңнан астам әйел осы дертке шалдықты. Оның 510-ы көз жұмды. Біздің онкологиялық орталыққа жылына 400 әйел жүгінеді. Шамамен 200-іне операция жасаймыз. Басым бөлігінде аурудың бірінші, яғни А және Б сатылары анықталады. Ал 2,3 және 4-ші сатымен келген жандарға бірден қажетті ем-дом шараларын қабылдаймыз.

Екпе арқылы қатерлі ісікті тудыратын адам папилломасы вирусының алдын алу жұмыстары Өзбекстанда 2019-шы жылы, Қырғызстанда 2022-ші жылы енгізілген. Көршілеріміздің қатарына енді бізде қосылып отырмыз. Мұндағы ортақ мақсат – аты жаман аурудың алдын алу болып табылады.

 

Авторлары: Альмира Оразбай Арман Ақшабаев