Африкада жатыр мойны обырына шалдығу оқиғалары көп

Мамандар: «Бұған тұрғындардың уақытылы медициналық тексеруден өтпеуі себеп», – дейді.

Сондықтан биыл қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік,,,қаңтарды жатыр мойны обырының себептері жайлы үгіт-насихат жүргізу айы деп жариялап, біраз шара атқарған. Сондай-ақ мамандар аурудың алдын алу үшін адам папиломасы вирусына қарсы екпе салдыру керектігі жайлы айтады. Осы ретте Эстонияда препарат тіпті ұлдарға да егілетін болды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жатыр мойны обыры Африка елдерінде көп тараған. Оқиғалардың төрттен бірі осы құрлықта тіркеліп жатады. Сосын Латын Америкасы мен Кәріб бассейні, Шығыс Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияда да деректер аз емес. Бұл аймақ тұрғындарының көбі алдын ала медициналық тексеруден өтпейді. Кейбіреуілерінде медициналық көмек алатындай мүмкіндік те жоқ. Содан жұрт екпе салдырмайды. Аурудың аталған аймақтарда таралуына басты себеп осы. Сондықтан мамандар: "Жатыр мойны обырымен күрестегі ең басты қадам - адам паппилома вирусына қарсы екпе салдыру", - дейді. Бүгінде 130-дан аса елде вакциналау жүргізіледі. Африкада алғашқылардың бірі болып екпе науқаны 2011 жылы Руандада басталған. Бірінші жылдың өзінде препаратты 10 қыздың тоғызы салдырыпты. 

Қырғызстанда жыл сайын жатыр мойны обырынан 300 әйел көз жұмады

Көрші елдердегі жағдайға келетін болсақ, Қырғызстанда жыл сайын жатыр мойны обырына 600 әйел шалдығады. Соның жартысы індеттен қайтыс болады. Жатыр мойны обыры жергілікті әйелдер арасында екінші жиі кездесетін онкологиялық ауру саналады. Сондықтан көрші елде 2 жыл бұрын адам папиллома вирусына қарсы вакциналау басталған. Осыған дейін екпені 6 ай аралығында екі рет салдыратын. Бірақ биылдан бастап сарапшылардың ұсынымы бойынша препараттың бір реттік дозасы ғана егіледі.

Эстонияда адам папиллома вирусына қарсы екпе ұлдарға да салынады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің хабарлауынша, адам папиллома вирусынан тек қыз-келіншектер ғана емес, жыл сайын 70 мыңға дейін ер адам да қатерлік ісікке шалдығады. Сондықтан биылдан бастап Эстонияда адам папилломасы вирусына қарсы екпе ұлдарға да салына бастады. Сөйтіп, енді елде 12 мен 18 жас аралығындағы жеткіншектердің бәрі препаратты тегін қабылдай алады. Сосын мұнда енді бұрынғыдай дәрінің екі емес, бір дозасы ғана егіледі. Мамандар вакциналау жатыр мойны обырына шалдығу ықтималдығын азайтса да, адам папиллома вирусының барлық түрінен қорғамайтынын айтады. Сондықтан алдын алда медициналық тексеруден өтіп отырудың маңызы туралы ескертеді.

 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева