Қазақстан мен Қытай денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты арттырады
Бейжіңде Қазақстан мен Қытай арасында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды 24KZ.
Қос тарап ғылым, технология, фармацевтика өндірісі, инвестиция, тәжірибе алмасу сияқты маңызды бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге күш салады. Бұл жөнінде екі елдің денсаулық сақтау саласы басшыларының ресми кездесуі кезінде айтылды. Сонымен қатар жиында маман даярлау ісінде әріптестік орнату жайы сөз болды. Екі елдің дәрігерлері нейрохирургия, онкология, кардиохирургия саласында тәжірибе алмасады. Бұл жас мамандардың біліктілігін арттыруға жол ашады. Жоспар жүзеге асса, қазақстандық студенттер Қытайдың 60-тан астам медициналық жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алады. Бұл бағыттағы жұмыстар Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында да жүзеге асырылады.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Шанхай ынтымақтастық ұйымы – ықпалды халықаралық институт. Медицинада ұйымға мүше елдердің әрқайсысының өзіндік тәжірибесі бар. Өзара тәжірибе алмасу барлық тарапқа да тиімді болар еді. Қазақстан ұйымға мүше мемлекеттер арасында шұғыл медицина жүйесін құру саласындағы әріптестікті нығайтуға мүдделі. Сонымен қатар Қытайдың ұйымға төрағалығы аясында 2025 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы медициналық қауымдастығын құру мәселесін қарастырып, оның мүше елдер аумағында қызмет етуіне ықпал етуді ұсынамыз.