Апаттар медицинасы орталығына отыз жыл толды

Жол-көлік апаты, зілзала, су тасқыны.

Осындай төтенше жағдайлар кезінде бұл мамандар күн-түн демей жұмыс істейді. Адам өміріне араша түсіп, зардап шеккендерге қол ұшын созу - олардың міндеті. Осы ауыр жүктемені абыроймен атқарып келе жатқан апаттар медицинасы орталығына биыл 30 жыл.

Диспетчерлік орталықтағы бұл телефон күніне осындай 10-ға жуық шақыртуды қабылдайды. Санаттары да әр түрлі. Бірде өрт болса, келесіде жол-көлік апаты. 

Жанат Әубәкір, апаттар  медицинасы  орталығы Астана қалалық филиалы басшысының орынбасары:

- Жыл сайын біз 300-ге жуық шақыртуға шығамыз. Шұғыл түрде 200-250-ден астам зардап шеккен адам көмек алады. Қалада болатын барлық төтенше жағдайлар кезінде бізді міндетті түрде жұмылдырады. Егер жедел жәрдем қызметі тек елорда ішінде ғана жұмыс істесе, біз қаладан тыс 50-60 шақырым жердегі шақыртуға да бара аламыз.

Мұндағы мамандардың еңбек өтілі әжептәуір. Барлығы да алғашқы шақырту есте қалады дейді. Өкініштісі барлығы бірдей сәтті аяқтала бермейді. 

Сәуле Исабек, апаттар медицинасы орталығы Астана қалалық филиалының дәрігері:

- Бір ана мен 86 жылғы, 7 жасар бала болды. Сол бір шақырту есімде қалды.

- Күйік шалды ма оларды? Не болды?

- Күйік кейін шалған. Бірақ алғашқы диагнозы көмірқышқыл газымен улану болып есептелді. Общежитие бойынша шақырту ғой. Өрт себебі.

- Аман қалды ма?

- Өкінішке орай жоқ. Есікке бір қадам қалған кезде есінен танып, көмірқышқыл газына улану, биологиялық өлім деген диагноз қойылды.

Бұл мамандардың кезекшілігі тәулік бойы жүреді. Бір күнде бүкіл ел бойынша 300-ге жуық дәрігер жұмысқа шығады. Бұл дегеніміз 60 бригада. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері қауырт жағдайда өзге өңірлерге де, тіпті шет мемлекеттерге де көмекке жіберіледі. 

Серікбай Ахметжанов, апаттар  медицинасы  орталығы астана қалалық филиалының фельдшері:

- Су тасқыны кезінде СҚО Петропавл қаласында болдық. Сонда көмек көрсеттік зардап шеккен адамдарға. Оның алдында жер сілкінісі кезінде Түркия мемлекетіне барып келдік. Ол жақта 2 аптадай көмек көрсетіп келдік Қазақстанның атынан. Суық қанды болу керек медицина қызметкері болғаннан кейін. Әрқайсысына көңіл бөле берсең ол болмайды.

30 жыл ішінде апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері ірі деген 50-ге жуық төтенше жағдай кезінде жұмыс істеп, зардап шеккендерге көмек көрсеткен. Оның ішінде шетелдік сапарлар да бар. Мәселен, Сирия, Ауғанстан, Түркия сияқты елдердегі сын сағаттарда біздің мамандар аянып қалмады.

Риат Шони