Бүгін – Халықаралық хирургтер күні

Бүгін бүкіл әлемде Халықаралық хирург күні атап өтіледі. Осыған байланысты еліміздегі медициналық мекемелерде ақхалатты абзал жандарға арналған түрлі іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды 24kz.

Осыдан 10 жыл бұрын бұл айтулы дата хирургтердің халықаралық қауымдастығы бастамасымен бекітілген болатын. Содан бері қыркүйектің әр үшінші сенбісі көп елдің хирургтері үшін төл мереке саналады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Әнуар Әбдікәрімовтың әр жұмыс күні науқастардың жай-күйімен танысудан басталады. Хирург-онколог осыдан 1 апта бұрын пациенті Жанат Үмбеталиевке шұғыл операция жасаған. Бес сағаттың ішінде ұйқы безіндегі қатерлі ісігін жойып, бір өлімнен аман алып қалғаны бар. «Ісік тамырмен жалғасып, ағзаға енген жағдайда оқиға соңы қайғылы аяқталар еді», дейді. Асқан дәлдік пен жауапкершілікті қажет ететін бұл салада осалдарға орын жоқ. Жыл сайын Ұлттық ғылыми медициналық орталықта жоғарыда аталған диагнозы бар 4-5 адамға операция жасалады.

Әнуар Әбдікәрімов, хирург-онколог:

- Өкінішке қарай кей жағдайларда біз науқасқа көмек көрсете алмаймыз, өлім де болуы мүмкін. Бұл біздің мамандығымыздың жаман жағы. Бірақ жақсы жағы көп. Біріншіден, ота кезінде адамға көмектесеміз деген ниетіміз бар. Операция кезінде бірталай адреналин аламыз. Одан кейін науқастың шығар кезде айтатын жылы сөздері бар. Өзіміз де науқас үшін қуанамыз. Үлкен кісілерден бата сұраймыз.

Жанат Үмбеталиев, науқас:

- Өзімді жеңіл сезіне бастадым. Осыған қарағанда операция сәтті өткен сияқты. Әнуар Маратұлының айтуынша, операция оңай болған жоқ. Білікті маман, мұндай адамдарды бағалауымыз керек.

Хирург болу – кейіпкеріміздің бала күнгі арманы. Мектеп жасында аурушаң болып, ауруханада пышақ астына түскен сәті әлі есінде. Сол кезден бері ақ халат киемін деп өзіне уәде берген. 9-сыныпты тәмамдаған соң 15 жасында медициналық оқу орнына түседі. Операция бөлмесіне бірінші рет 17 жасында кірген. Араға 5 жыл салып, алғашқы жеке операциясын сәтті орындап шығады.

Әнуар Әбдікәрімов бүгінде жалпы және кеуде хирургиясы бөліміне 5 жыл жетекшілік етеді. Жұмыс кестесі тығыз. Жылына мыңға жуық операция жасайды. Шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, үнемі біліктілігін арттырумен келеді. Оңтүстік Кореяда, Австрияда, Франция мен Біріккен Араб Әмірлігінде білімін шыңдаған.

Сәкен Сәбербеков, хирург:

- Ануар Маратұлы ең бірінші маған ұстаз. Хирургия күнде үйренетін зат. Жас болса да, білімді. Екіншіден, дарынды. Үшіншіден, өте көп жұмыс істейтін энергиясы бар.

Хирургия – күрделі сала. Мұқияттылықпен қатар ұжым ішінде сауатты жұмыс істей білу керек. Нағыз сын сағаттарында төзімді болып, тез әрі дұрыс шешім қабылдай білу қажет. Әнуар Әбдікәрімов жас мамандарға бар білгенін үйретуге әрдайым әзір. Болашақта шәкірті көп болғанын қалайды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков, Болат Абдуллин