Елімізде 50 адам дереу сүйек кемігінің трансплантациясына зәру

Елімізде сүйек кемігі трансплантациясы тегін жасалады. Алайда, сәйкес келетін донорлар тапшы, деп хабарлайды 24kz.

Қазір ұлттық тізілімде 12 мыңға жуық адам тұр. Жыл сайын олардың қатары 1200-1500-ға толығады. Десе де, туыс емес донорларға сұраныс көп. Неге?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Сүйек кемігі тіндерін ауыстыру – түрлі қан аурулары, анемияның ауыр түрін емдеудің жалғыз тиімді жолы. Орташа алғанда жыл сайын 300-дей науқас жасушаларын алмастыруға мұқтаж. Оларға көбіне туыстық донорлар көмектесіп жатады. Айдос Ентебеков те 2019 жылы ағасының өміріне араша болған.

Мирас Ентебеков, науқас:

- Күннен күнге әлсірей бердім. Қалаға барып, анализ тапсырып едік, көрсеткіштеріңіз нашар деді. Семейдегі гематологтар острый лейкоз деді. Сол жерде анализ алып, функция алып, сол жерде диагноз берді. Квота бәрін жылдам істеп берді. Астанаға барғанда уже анализ төмен түскен. Мен сол Астанаға барған кезде бірақ білдім.

Айдос Ентебеков, донор:

- 40 күннен кейін шығып келе жатқан кезде «жаңадан туғаныңмен» деп айттым. Өйткені клеткалары толығымен жаңарды. Қазіргі таңда қанының тобы, көзінің түсі де менікімен бірдей болып өзгеріп кетті. Ондай болады деп ескерткен. Ол менің клеткаларымның оған толық енгенінің әсері деп айтқан.

Алайда барлық туыс донор бола алмайды. Тіндері сәйкес келмеуі мүмкін. Дәл сол себепті туыс емес донорларға сұраныс жоғары. Елімізде 15 адамға ғана осындай трансплантация жасалған.

Мадина Османова, ҚР ДСМ Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі:

- Сәйкес келетін донор табу өте қиын. Себебі генетикалық тұрғыда біз әртүрліміз. 10 жағдайдың бірінде ғана донор мен реципиенттің тіндері сәйкес келеді. Сол себепті шетелдік донорлар тізіліміне жүгініп жатамыз.

Әлем бойынша 20 млн адам донорлар тізімінде тұр. Көрші Ресейде 300 мыңнан асады. Ал ұлттық регистрдегі сүйек кемігі донорларының саны 12 мыңға да жетпейді. Тізілім жыл сайын 1200-1500 адамға толығады. Бірақ әлеуетті донорлардың барынша көп болуы маңызды. Олардың сәйкестігін анықтауға да тым ұзақ уақыт кетеді. Салдарынан кезегін күтпестен бақилық болатын науқас көп. Дәл қазірдің өзінде 50 адам дереу трансплантацияға зәру.

Александр Колеснев, Ұлттық ғылыми онкология орталығының бөлім меңгерушісі:

- Сүйек кемігін алмастыру үшін жағдай жасау керек. Әр палатада санитарлық режим сақталады. Қазір бізде 6 палата бар. Онда 70-80 трансплантация жасалады. Мұның өзі аз. Тым болмаса 200-ге жеткізуіміз керек. Ал Германияда 2 мыңдайы жасалады. Қазір бізде 50 адам кезек күтіп тұр. Негізі науқасты дайындауға ұзақ уақыт кетеді.

Елде жыл сайын 3-4 адамға ғана туыс емес, донордың көмегімен трансплантация жасалады. Көрсеткіш көп емес. Кейде қазақстандықтардың жасушалары шетелдік науқастарға сәйкеседі.

Анар Байсымақова, Сүйек кемігі донорларының тіркелімі және трансплантацияны дамыту бөлімінің меңгерушісі:

- Бізде тін алмастырудың туыстық емес түрі сирек жасалады. Себебі сәйкес донорды табу қиын. Бізге алдымен үйлесуі мүмкін деген бірнеше донорға сұрау түседі. Біз оларды осында шақырып, түрлі сараптамадан өткіземіз. Нәтижесін 2-3 аптадай күтеміз. Донор сәйкес келсе, трансплантация жасалады. Көп жағдайда сәйкеспей жатады. Биыл италиялық науқасқа трансплантация жасалды.

Донордан алынған тін жасушалары рецепиентке енгізіледі. Жалпы трансплантацияға дейін бірнеше кезеңнен өту керек. Кейін науқас 5 жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Мамандар «сүйек кемігін алмастыру арқылы 70 түрлі дертті емдеуге болады», дейді. Демек, 18 бен 45 жас аралығындағы, салмағы 50 келіден асатын, дені сау кез келген адам донор болып, талай жанның өміріне араша бола алады. Сүйек кемігі трансплантациясы Астанада, Алматыда, келешекте Шымкентте жасалады.

Авторы: Мерей Мұратханқызы