Биыл Маңғыстаудың медицина мекемелері 120 дәрігермен толығады

Биыл Маңғыстаудағы емдеу мекемелеріне 120 жас маман қосылады, деп хабарлайды 24kz.

Олардың арасында бюджет есебінен резидентура бітірген 69 жалпы тәжірибе дәрігері бар. Нейрохирург, эндокринолог, гематолог секілді мамандықты оқыған 17 жас дәрігер Ақтауға, тағы 4 маман Маңғыстау және Қарақия ауданына барады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Айдос Бисен Ақтөбе қаласында жоғары медициналық білім алған. Жалпы тәжірибелік дәрігердің қызмет өтілі былтыр Мұнайлы ауданында басталды. Қазір ол Қызылтөбе ауылындағы амбулаторияда жұмыс істейді. Келешек мұраты резидентураны аяқтап, өңірде сұраныс жоғары психиатр-дәрігер болғысы келеді.

Айдос Бисен, Қызылтөбе ауылдық амбулаториясының терапевт-дәрігері:

- Біздерге жас маман ретінде әкімдік тарапынан жатақханамен, үймен және жәрдемақы, сондайлармен көмектескен болатын. Өз мамандығымды әрі қарай жетілдіру үшін психиатрия және наркология мамандығына резидентураға түстім. Ана жылы бірінші курсымды осы психикалық денсаулық сақтау орталығында өттім. Резидентураны бітіргеннен кейін осы жақтағы науқастарға көмектесемін деген үміттемін.

Жәния Рахман – Ақтауда мемлекеттік емханаға жұмыста тұрған жас маманның бірі. Таушық ауылының тумасы облыс әкімінің грантымен Алматыда оқыған. Оқуды бітірген соң бірден туған өңірге оралған жас дәрігер бүгінде көпшілік алғысына бөленіп жүр.

Жәния Рахман, қалалық №2 емхананың отбасылық дәрігері:

- Жалпы дәрігер болу өте жауапкершілікті талап ететін мамандық. Біздің жалпы миссиямыз халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсете отырып, халықтың денсаулығын нығайту болып табылады. Қазір жастарға көп мүмкіндік бар. Дәрігер боламын дейтін жастар үшін көптеген қолдаулар бар өлкеміздің тарапынан көрсетілуде.

«Соңғы жылдары Маңғыстауда 228 медицина қызметкерінің орны бос тұрды. Қазір мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың арқасында 170-ке азайды. Қуантарлығы, биыл жас мамандардың келуімен бұл көрсеткіш тағы да төмендейді», - дейді Денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

Бибізада Дүйсенбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Жергілікті бюджеттен қарастырылатын қаражат көзінің арқасында және резидентураға бөлінетін қаражаттың арқасында биыл 2024 жылы бізге 198 грант беріп тұр. Ол бұрын болмаған жағдай. Бұдан бөлек, әкімдік тарапынан ауылдық жерге келген 20 маманға 8,5 млн теңгеден және осы қалалық жерге келген мамандарға қайтарымсыз 1,5 млн теңгеден. Естеріңізде болса, бұға дейін 1,5 мың АЕК шегінде берілетін еді. Биылға 2 мыңға дейін көтеріліп, осы бізге берілген қаражат көлемі көбейіп отыр.

Шалғай аймаққа келетін жас мамандарға бірінші кезекте баспана қажеттігі түсінікті жайт. Бүгінде облыс бойынша 204 медицина қызметкері баспанаға мұқтаж. Осыған орай екінші деңгейлі банктен төмен пайызбен ипотека рәсімдеу, пәтерге төленетін бастапқы жарнаны облыс бюджетінен төлеу жолдары қарастырылып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев