Қарағанды облысының Талды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады
Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Талды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Көп ұзамай халық игілігіне тапсырылады. Медицина нысаны заманауи үлгіде жабдықталады. «Қызмет көрсету сапасы да артады», – дейді дәрігерлер. Тұрғындар шалғайдағы аудан орталығы мен Қарағанды қаласына бармай-ақ, ауылда ем-дом қабылдайды.
«Талды ауылындағы ескі дәрігерлік амбулатория пациенттерді қабылдауға қолайсыз. Ғимараттың кабинеттері тар әрі жылдар бойы жөндеу көрмеген. Жауын жауса, шатырдан су ағады, ал қыста суық. Дәрігерлер пешті өздері жағады. Тұрғындар қосымша медициналық қызмет алу үшін 100 шақырым жердегі Қарағандыға қатынайды», – дейді осында 28 жыл мейірбике болып жұмыс істейтін Мағрипа Байленова.
Мағрипа Байленова, медбике:
- Бұл енді біздің типке сай емес, отты көмірмен жағамыз осының ішінде. Енді кішкене салқындау. Жаңа ФАП салынып жатыр. Мемлекетімізге рақмет. Енді бізге керегі жедел жәрдем дейді ғой, соның көлік жағы кішкене қиындау болып тұр. Қалғанын енді, міне, 4 медбике, біреуі фельдшер ғой, шамамыз келгенше халыққа қызмет көрсетіп жатырмыз.
Ауылға жаңа медициналық нысан салу мәселесін тұрғындар біраз жылдан бері көтеріп жүрді. Ауылдықтардың өтініші 2023 жылы «Ауыл медицинасын дамыту» ұлттық жобасы аясында қолдау тапты.
Ауыл медицинасын дамыту бағдарламасы аясында Қарағанды облысында 90-нан астам жаңа медициналық нысан салынады. Соның бірі осы Талды ауылында. Фельдшерлік-акушерлік пункт қазан айында пайдалануға беріледі.
Жаңа нысанның құрылысына 212 миллион теңге бөлінген. Қазір құрылыс аяқталуға жақын. Енді мұнда Талды ауылының 900 жуық тұрғынына медициналық көмек көрсетіледі. Жалпы Шет ауданы бойынша «Ауыл медицинасын дамыту» ұлттық жобасы аясында былтыр 7 елді мекенде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Биыл тағы 12 ғимарат салынып жатыр.
Алпыс Аманжолов, Шет ауданы ауруханасының директоры:
- Бұл салынып жатқан объектілерде медициналық көмек көрсету стандартына сай фельдшерлік-акушерлік пунктің және дәрігерлік пунктің өзіне сай құрал-жабдықтары бар. Атап айтсақ, шұғыл медициналық көмек көрсету құралдары, дәрі-дәрмектермен, бұрын болмаған физио аппараттармен қамтылған.
Жалпы ұлттық жоба аясында өңірге қарасты шалғай ауылдарда 47 медициналық пункт, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 дәрігерлік амбулатория салынады. «Олар заманауи үлгіде жабдықталып, қызмет көрсету сапасы жақсарады», – дейді мамандар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.