Шымкентте дәрігерлер инсультті ЖИ көмегімен анықтайды

Шымкенттегі медициналық ұйымға ақылды жүйе енгізілді.

Дәрігерлер жасанды интеллекті арқылы инсульт белгілерін анықтайды.

Мегаполистегі жаңа жүйе отандық өнім, өз елімізде құрастырылған. Оның артықшылығы неде, пайдасы қандай?

Ақылды бағдарлама компьютерлік томография аппараты арқылы жұмыс істейді. Жедел-жәрдеммен жеткізілген науқастардың талдау қорытындысына сараптама жасап, инсульт белгілерін анықтауға қолданылады. Осылайша аурудың алғашқы сатысында нақты шешім қабылдауға болады. 

- Алғашқы 3 сағатта компьютерлік томография немесе МРТ-ға түсірген кезде инсульт белгілері көрінбеуі мүмкін. Ал осы жасанды интеллект инсульттің басталғанын бірінші секундтан бастап бізге компьютерлік томографияда бәрін көрсетіп береді.

Аурухана дәрігерлері де онлайн жүйені тез меңгеріп алды. Жасанды интеллектінің қорытындысы смартфон қосымшасына жүктеліп, хабарлама береді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қазір жасанды интеллектінің шешімінен соң науқасқа операция жасалу үстінде. Дәрігерлер алғашқы минуттардың өзінде-ақ тамырдағы ұйыған қанды алып тастауға кірісті. Бұл ауыр асқынуларды алдын алуға айтарлықтай көмектеседі.

Биыл ауруханада осындай 40 адамға операция жасалды. Ұйыған қанның ошағы дер кезінде анықталып, тамырдағы түйін тарқады. Нәтижесінде науқастар қалыпты өмірге оралып, аз күнде аяққа тұрған. 

Нұржан Қарабаев, рентгенхирургиялық емдеу әдістері бөлімшесінің меңгерушісі:

- Жасанды интеллект мидағы цитатостатикалық ісінуді көріп, оң жағы немесе сол жағы мидың екіжақты полушариясын салыстырып сол жерде мидың қанмен қамтамасыз ету бұзылысын анықтап береді. Бізге аспект шкаласымен көрсетіп беретін болса біз оны дереу түрде операцияға аламыз. 

Ақылды бағдарламалық құралды қазақстандық ІТ мамандар мен нейрорадиологтар   жасап шығарған. Елдегі біршама медициналық ұйымда сәтті қолданысқа енгізілді. Алдағы уақытта жергілікті дәрігерлер жасанды интеллектінің өзге де мүмкіндіктерін пайдалануға ниетті. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов