Атырау облысында 181 дәрігер тапшы
«Өңірде маман тұрақтамайды» – дейді жауаптылар.
Биыл сырттан 168 маман шақырылған, алайда бұрыннан жұмыс істеп жүрген 146 дәрігер қызметтен кеткен. Осыған орай жергілікті билік жан-жақтан жас мамандарды тартуға белсене кірісті. Атырауға барған жастар 5-10 млн теңге көлемінде бірреттік жәрдемақы алады. Сондай-ақ баспанамен қамту мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр.
355 науқас тұрақты ем алатын Атырау облыстық ауруханасы тәулігіне қосымша 220 науқасқа қызмет көрестеді. Оларға 150-ге тарта маман-дәрігер қызмет көресетеді. Дегенмен кадр тапшылығы бар. Биыл мұнда 9 жас маман келіпті.
Ербол Иманғалиев, облыстық аурухананың бас дәрігері:
- Әрине, әлі де жетіспейтін дәрігерлер бар. Врач-лаборанттар керек біздерге қазіргі таңда. Онымен қоса зейнеткерлікке шығатын дәрігерлер бар. Оларды маман ретінде ұстап отырмыз. Келген жас маманға үлкен көлемде көтерме ақы берілді. Қосымша жас мамандарға пәтерлер беріліп жатыр.
Ал жалпы облыс бойынша 181 дәрігер жетіспейді. Әсіресе жалпы тәжірибелік дәрігер, анестезиолог-реаниматолог, травматолог, балалар дәрігерлеріне сұраныс басым. Осындай өзекті мәселені шешу мақсатында жергілікті билік өңірге келетін маман-дәрігерлерге қолдауды жыл санап арттырып жатыр.
Алмагүл Әбілова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Атырау қаласына келген медициналық мамандарға 5 млн теңге көлемінде, аудан орталықтарына келген мамандарға 8,5 млн теңге көлемінде, ал ауданнан шалғай орналасқан ауылдық елді мекендерге келетін мамандарға 10 млн теңге көлемінде 1 реттік жәрдемақы беру мәселесі қарастырылып, шешімін тапты.
Мамандарды баспанмен қамтуға арналған өңірлік бағдарлама да бар. Соңғы бір жылда 5%-тік несиемен 40 маман пәтер алды. 105 дәрігер қызметтік пәтермен қамтылды. Бірақ кадр тұрақтамайды. Тек биылдың өзінде облысқа шақырумен 168 дәрігер келсе, керісінше, 146 дәрігер түрлі себептермен жұмыстан шығып кетіпті. Биыл облысқа 155 маман келеді деп күтіліп отыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов.