Жатыр мойыны обырына қарсы вакциналау кестеге сай жүріп жатыр

Жатыр мойыны обырының алдын алу үшін елде 11 мен 13 жас аралығындағы қыздарға екпе салу жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр.

Бүгінде адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаны 1 мың 600 жасөспірім алған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз жиынында айтты. Вакциналау жұмыстары елордамен қатар, тағы 8 өңірде жүргізіліп жатыр. Екпе алғандардың көбі Қарағанды облысының мектеп оқушылары. Осы айдың соңында, басқа облыстарда да бұл жұмыстар екпін алмақ. Адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау жұмыстары тек ата-аналардың рұқсатымен ерікті түрде жүргізіледі.

Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- Қазір елімізде адам папиллома вирусына қарсы екпенің 350 мыңға жуық дозасы бар. Алғашқы партия жеткізілді. Бюджеттен шамамен 9,7 млрд теңге жұмсалды. Бірақ вакцинаның бұл түрі тек 11 жастағы қыздарға арналған. Соңғы уақытта ата-аналар тарапынан 12 және 13 жастағы қыздарға екпе салу сұранысы едәуір артқан.