Павлодарда тұмауға қарсы егу науқаны басталды

Елде қазір тұмауға қарсы иммундау науқаны басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Ол үшін Ресейде жасалған «Гриппол» препаратының 2,2 миллион дозасы алынған. Ел көлемінде 26 мың адам тұмауға қарсы екпе салдырып үлгерді. Павлодар облысына вакцинаның 90 мың дозасы келген. 2 күн ішінде мыннан астам адамға екпе жасалды. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар науқастар мен дәрігерлік есепте тұрған балалар егіледі. Тұрғындар екпені мекенжайы бойынша тіркелген емханаға барып жасата алады. Сондай-ақ қазір елде қыз балаларды папиллома вирусына қарсы егу науқаны жүріп жатыр.

Мақпал Қаржаубай, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Павлодар облысында папиллома вирусына қарсы иммундау басталды. Бүгінгі таңда 44 қыз бала екпе салдырды. Медицина қызметкерлері ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс ары қарай да жалғасады.