Қазан айында папиллома вирусына қарсы вакциналау басталады
Адам папиллома вирусы – әлемдегі ең көп таралған вирустардың бірі.
Қауіпті дертті 50 жасқа дейінгі әйелдер жұқтыруы мүмкін. Бұл туралы Астанада арнайы өткен брифингте айтылды. Дәрігерлер аталмыш вирустың жатыр мойны обыры мен созылмалы қатерлі ісік дертіне шалдықтыратынын жеткізді. Инфекция кез келген жаста дамуы мүмкін. Сондықтан 11-13 жастағы қыздарға вакцина салу бағдарламасын енгізу арқылы адам папиллома вирусын жұқтырудың алдын алуға болады. Мәселен, Шотландияда бұл вакцинаны егуден бұрын 20 жастағы қыздарға жаппай скрининг жүргізілді. Олардың 30%-і адам папилломасы вирусының 16 және 18 онкогендік типтерін жұқтырғаны анықталған.
Айта кетейік, елімізде 1 қазаннан бастап адамның папиллома вирусы инфекциясына қарсы вакциналау басталады. Мамандар жатыр мойны обыры дамуын тежейтін жалғыз әдіс вакцина екенін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен 135 ел, оның ішінде Қазақстан да адамның папиллома вирусы инфекциясына қарсы вакцина салуды құптады.