Қостанайда суық тиіп сырқаттанғандар көп

Қара күз желбегей шыққан адамға өш.

Елде суық тиіп ауырғандар көбейді. Бір ғана Қостанай облысында кейінгі аптада 5338 адам жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 1,2 есе көп.

Бұл тұмау емес. Тұмау алда келе жатыр дейді дәрігерлер.

Қостанайда жедел респираторлық вирустық инфекция күш алып барады. Қыркүйек айында қаладағы №3 емханаға суық тиіп сырқаттанып келгендердің саны екі есеге артқан. Олардың дені балалар мен қарт кісілер.

Алексей Алёшкин, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Бұрын жұмыс істеп жүргенде ұдайы екпе алатынмын. Сондықтан болар, тұмаумен ауырған емеспін. Жаз мезгілі суық тиіп, сырқаттанып қалдым. Егде тартқан сайын, денсаулықта сыр бере бастайды. Сондықтан екпе алып, сақтанған абазал.

Жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы - екпе салу. Осы мақсатқа облысқа 85 мың дана вакцина сатып алынды. Қазір өңірде жедел респираторлық вирустық аурулар мен тұмауға қарсы жаппай екпе егу шарасы жүріп жатыр.

Құралай Қабдулла, жалпы тәжірибелік дәрігер:

- Біздің емханаға жалпы 5 мың 200 доза әкелінген болатын. Ол жаңағы ресейлік бұрыннан бері салынып жүрген екпе, гриппол екпесі. Қазіргі уақытта 385-ке жуық екпе салынуда. Және ең бірінші медицина қызметкерлерінен бастадық.

Сондай-ақ биыл елімізде тұңғыш рет адам папиллома вирусына қарсы екпе жүргізіледі. Қазіргі кезде бес мың дана вакцина алынған. Акушер-гинеколог Әйгерім Жекенаеваның айтуынша, екпе бір аптадан кейін басталады.

Әйгерім Жекенаева, акушер–гинеколог:

-  Бұл вакцина 11 жастағы қыз балаларға салынады. Қазіргі кезде ата-аналармен түсінік жұмыстары жүріп жатыр. Мектептерде толық жабдықталған екпе кабинеттері ашылады. Немесе мекен  жайы бойынша медициналық мекемелерге баруға болады. 

Ал тұмау ауруы мамандардың болжамынша биыл қараша, желтоқсан айларында  белең ала бастайды. Желтоқсанның аяғы, қаңтардың басында шарықтау шегіне жетеді деп отыр.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг