ДСМ: Damumed қосымшасында жалған есеп көп
Елімізде кей азаматтар дәрігер қарауында болмаса да, белгілі бір медициналық қызмет алмаса да, Damumed қосымшасында алғаны туралы жалған хабарламалардың келіп жатқанын айтып шағымданды.
Биыл соңғы 8 айда 4,5 мыңнан астам осындай фейк ақпарат түскен. Денсаулық сақтау министрлігі бұл түйткілмен қалай күреспек?
Damumed қосымшасындағы ақпараттық сәйкессіздіктер туралы мәселе бұрыннан айтылып жүр. Мәселен, 2022 жылы 50 мыңнан астам медициналық қызмет берілгені туралы шындыққа жанаспайтын есеп әшкереленді. Жалған көрсетілген қызметтің құны шамамен 400 млн теңгеге тең. Медициналық ұйымдар қазақстандықтарға көбіне консультативтік-диагностикалық қызмет көрсеткен болып, қордан ақша алып келген. Кейін әлеуметтік желілерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру салымшылары тарапынан шағым көбейіп кетті.
Осындай олқылықтары үшін медициналық мекемелерге айыппұл салына бастады. Бірақ мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Сорақысы сол, жалған құжаттардың жартысынан астамы мемлекеттік ауруханаларда анықталған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі қойылар талапты күшейтпек.
Ғалымжан Әбілов, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқармасы төрағасының орынбасары:
- Кейбір медициналық ұйымдарды айыппұлдардың өзі шектей алмай отыр. Барлық заңбұзушылық құзырлы органдарға тапсырылады. Қандай әкімшілік жауапқа тарту керек екенін де өздері қарайды. Лицензиясынан айыру сияқты шаралар да бар.
Елордадағы ауруханалардың бірінде емделушілерді бет-жүзінен тану жүйесін енгізді. Бұл туралы бізге жалпы практика дәрігері Абай Сапа айтты.
Абай Сапа, жалпы тәжірибе дәрігері:
- Біздің мекемеде әр дәрігер мен мейірбике компьютерінде фейс-айди бейнекамерасы орнатулы. Фотосуретке түсіріп, жалпы базаға жолдаймыз. Бұл мәліметтер жеке куәліктегі деректермен сәйкес келуі керек.
Төлқұжаттағы фотосуретпен және деректермен сәйкес келмесе, дәрігер науқасты қабылдай алмайды. Пилоттық жоба 2025 жылы бүкіл ел аумағына тарайды. «Мұндай алдын алу шаралары аз да болса проблеманы шешеді», – дейді сарапшы Әли Нұрғожаев. Бар мәселе орындау сапасында.
Әли Нұрғожаев, денсаулық сақтау саласының сарапшысы:
- Медициналық сақтандыру қоры медициналық көмектің 20-дан астам бағытын, тәулік бойғы және күндізгі стационар, жедел жәрдем, алғашқы санитариялық көмек пен стоматология қызметтерін сатып алады. 20 лоттың ішінде тек тәулік бойғы стационарға мониторинг жүргізу жүйесі цифрландырылған. Қалғандарына қатысты монетизация тәсілі нақты процедуралар арқылы бекітілмеген. Осыған байланысты іс жүзінде жалған есептердің саны қазіргі көрсеткіштен әлдеқайда көп.
Сарапшы күресудің 3 жолын ұсынды. Біріншісі – жоғарыда аталған барлық қызмет түрін мониторингілеуді цифрландыру және автоматтандыру. Екіншісі – салынатын айыппұл көлемін бірнеше есе арттыру. Үшіншісі – лицензияларынан айыру.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Гүлдана Кәлен, Абдулхамит Бөлекбаев.