Жалған анықтама жасағандарға айыппұл салынады
Кейбір ақхалаттылар алаяқтыққа барған көрінеді. Биылдың өзінде 4500 адамның сыртынан жалған құжат жасалған.
Яғни, медициналық ұйымдар көрсетілмеген қызмет үшін ақы алып келген. Бұдан ем алушылар бейхабар болып шықты. Бұл жайлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері мәлімдеді. Бұл бассыздыққа кімдер барған? Жеке медициналық мекемелер ме, әлде мемлекеттік емханалар ма?
Мемлекеттік мекемелерді немесе жеке секторды судан таза, сүттен ақ деуге болмайды. Заңбұзушылық екі тараптан да анықталған. Тіпті мемлекеттік медициналық ұйымдардың үлесі басым. Жалған қабылдаулардың 68%-і осы мекемелерде тіркелген.
2022 жылы 52 мың жалған қабылдау жасалған
Дегенмен жылдан жылға жалған қабылдау жүргізіп, көрсетілмеген қызметке ақы алатындардың жолы кесіліп келеді. Сандарды сөйлетсек, оған көз жеткізуге болады. Мәселен, 2020 жылы ақхалаттылар 21 мың жалған қабылдау жүргізілгені әшкере болды. Ал 2021 жылы 35 мың, 2022 жылы 52 мың жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш былтыр 46 мыңға жетті. Бұл туралы өткен жылы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Сәбит Ахметов хабарлаған еді.
Мәселен, 2022 жылғы жағдайларды айтайық. Осы жылы ең көп заңбұзушылық орын алды. Олардың дені Астана қаласында. Мәселен, сол жылы бас шаһарда 26 789 жағдай тіркелген. Бұл – жалпы заңбұзушылықтың шамамен 60%-і. Ақмола облысында да мұндай жағдайлар жиі орын алады. 5774 жағдай. Үшінші орында Қызылорда өңірі. Мұнда 5 076 жалған қабылдау жүргізілген.
Кейібір емханалар жалған анықтама берген
Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын жасау ісінен де алаяқтар айналып өтпеді. Әлеуметтік желіне асып қалсаңыз, «больничный лист» керек деп басып қалсаңыз, түрлі қызмет түрін ұсынғандарды көресіздер. Хабарламаларды іздеп, бірнешеуімен сөйлесіп көрген едік.
«Қалауын тапсаң, қар жанар» дегендей, ақысын төлесеңіз, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын жасап беретіндер бар. Қазір хабарлама бөліміне «больничный лист» деп теріп едік, бір ғана Астана қаласының өзінен 128 адамның хабарламасы анықталды. Әмбебап мамамандар еңбекке жарамсыздық парағымен қатар 075, 075 медициналық анықтамасын сізді емханаға шақырмай, жедел жасап беруге қауқарлы.
Жалған анықтама жасағандарға айыппұл салынады
Мұндай заңбұзушылық анықталғанда жалған құжат жасаған адаммен қатар оны жасатқан жан да жауапкершілікте тартылады. Жалған «больничный» тапсырғандар жұмыстан босатылады. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-тармағы аясында 160 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл – шамамен 600 мың теңгеге жуық қаржы. Бұдан бөлек, алаяқтық жасағандар 160 күнге қоғамдық жұмысқа тарту немесе 40 күнге қамаққа алынуы мүмкін.
Егер ем алушы өзінің атынан жалған қабылдау жазылғанын анықтаса, бұл туралы Медициналық сақтандыру қорына хабарлауы қажет. Шағым немесе өтінішті қордың ресми сайты арқылы беруге болады. Сондай-ақ Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы немесе 1406 телефонына хабарласуға мүмкіндік бар.