Елімізде жыл сайын 40 мың азамат жүрек-қан тамырлары ауруынан көз жұмады
Елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық азамат жүрек-қан тамырлары ауруынан көз жұмады, деп хабарлайды 24kz.
Сондай-ақ мыңдаған адамға операция жасалуда. Жалпы соңғы жылдары осы дертке шалдығушылар саны неліктен артып барады?
Арна тілшісі Дүниежүзілік Жүрек күніне орай сала мамандарымен сұқбаттасып, бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды істермен танысып қайтты.
Альмира Оразбай, тілші:
- Атыраулық Алмагүл Жексенбаева жүрегіне операция жасату үшін елордаға арнайы келген. 11 жыл бұрын оның ең маңызды органының қақпақшалары ауыстырылған. Араға жылдар салып, жүрегінің механикалық қақпақшалары биологиялыққа алмастырылып отыр.
Алмагүл Жексенбаева, Атырау қаласының тұрғыны:
- Операция енді, біздер наркозда боламыз ғой, операцияны жақсы өтті деп ойлаймын, қазірге қарағанда. Операциядан кейін 3 күн наркозда болдым, қазір палатаға шығарды. Ауырмай жүргендерге айтарым: денсаулықты күту керек, өмір салтын ұстау керек. Тамақтануды да реттеу керек деп ойлаймын.
Ұлттық ғылыми медицина орталығында еліміздің түкпір-түкпірінен пациенттер келеді. Мәселен Павлодарлық әйелдің 10 жылдан бері жүрек ырғағы бұзылған. Ауырсыну шегіне жеткенде ғана дәрігерлерге жүгінген. Орталыққа жеткен бойда мамандар оған диагнозын қойып, бірден операция жасапты. «Қазір науқастың жағдайы жақсы», дейді ақ халаттылар.
Ұлан Қабаев, Аритмология бөлімшесінің меңгерушісі, профессор:
- Ағзадағы адреналиннің деңгейі көтеріліп, адам уайымға түссе, онда жүрек тахикардиясы пайда болады. Яғни ол тым тез немесе тым баяу соғып, ырғақтың бұзуылуына әкеледі. Сәйкесінше, сол жақ кеуде тұсында ауырсыну пайда болады. Егер осындай жағдай болса, біз бірден дәрігерге жүгіну қажеттігін айтамыз. Бірақ науқастар соңғы сәттерде ғана келеді.
Орталыққа әсіресе, 50-ден асқан азаматтар жүгінеді. «Тіпті 80 жастағы қарттар жүрегіне операция жасап, жаңа өмірге қадам басады», - дейді кардиохирург Айдос Ерпашов. Дәрігердің өзі бір жарым мыңнан астам адамның өміріне араша түскен. Қазір ол эндоскопиялық инвазивтілігі аз операцияларды жасауға көшті. Осылайша, науқастардың жағдайы 3-4 күннің ішінде қалпына келеді екен.
Айдос Ерпашов, Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
- Біріншіден, жылдам реабилитация болады. Мысалы бұрын кеудені 20-25 сантиметрге кессек, қазір жаңа әдіспен төстің тұсынан 7 сантиметр тіліп, операция жасаймыз. Бұл науқас халінің жылдам жақсаруына мүмкіндік береді. Қазір медицина дамып жатыр. Ал біздің орталықтағы мамандар әрқашан білім-біліктілігін арттырып отырады.
Жыл сайын Ұлттық ғылыми медицина орталығында 700-ден астам операция жасалды. Ал мұндағы дәрігерлерге квота арқылы қаралып, тегін операция жасатуға мүмкіндік бар.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ботакөз Базарбаева Марат Диханбаев