ШҚО-да ауыл ауруханаларын жаңартуға 5 млрд теңге жұмсалады

Шығыс Қазақстанда 40-50 жыл бойы күрделі жөндеу болмаған емдеу мекемелері жаңартыла бастады.

Мәселен, Алтай ауданы Жаңа бұқтырма кентіндегі тозығы жеткен аурухананың шатырынан бастап есік-терезесі, коммуникациялық жабдықтарына дейін ауыстырылып жатыр. Медициналық қызметкерлер болса жөндеу жұмыстары аяқталар күнді асыға күтуде. Өйткені олар осы күнге дейін ғимаратты өз күштерімен жамап-жасқап, науқастарды қабылдап келеді.

Жаңа Бұқтырма кентіндегі бұл аурухана соңғы рет 1985 жылы күрделі жөндеуден өткен. Содан бері мекеменің бір есігі, терезесі не құбыры жаңартылмапты. Дәрігерлердің жамап- жасқағанынан да түк шықпаған. Санитарлық талаптар бұзылып, шағым да көбейген. 

Надежда Шавайкина, Жаңа бұқтырма ауруханасының аға медбикесі:

- Электр сымдары қайта қайта үзіліп, жарық сөніп қалатын, кәріз жүйесі әбден шіріп кетті. Медициналық мекеме болғандықтан біз барлық санитарлық талапқа сай қызмет көрсетуіміз керек қой. Бірақ  аурухананың ескілігінен өте қиын жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болдық. 

Кенттегі ауруханаға маңайдағы ауылдардан арнайы келетіндер көп. Сондықтан нысанның жылдан-жылға кетеуі кетіп бара жатқанына тұрғындар да алаңдаулы. Дегенмен, биылғы жаздан бастап ғимараттың жөнделіп жатқаны көпшілікті бір қуантып тастады.

Санатбек Нұрақов, Жаңа бұқтырма кентінің тұрғыны:

- Ауруханаға келсек одан сайын көңіліміз түсетін. Іші де сырты да жамау жамау болып әрең тұрды. Енді мінеки күн сайын байқап жүрмін. Жаңарып келе жатыр. Бұл мекеме кент үшін керек. Ауыл аймақтан келіп қаралатындар да көп. 

Жаңа бұқтырмамен іргелес Октябрьск ауылындағы медициналык пункт болса 100 процент тозды деп танылған. Күз келе мұндағы мамандар терезенің шұрық тесігін бітеп, қамдана бастайды. Әйтпеске амал жоқ, дейді фельдшер Наталья Сорокина.

Наталья Сорокина, фельдшер:

- Қақаған қыста кабинетте бар болғаны 8-10 градус қана жылы.Сондай кезде балаларды қалай қарайтынымызды білмейміз. Қарамай жібере салуға тағы болмайды. Сонда қала жұмыс істеуіміз керек.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Осы үйшіктей нысанда 2000 жуық адамға қызмет көрсетеледі. Суық түсіп тұмау өршіген кезде 90 шаршы метр жер аламға лық толып кетеді. Келген науқастардың көбі дәлізге сыймай, біршамасы  далада кезек күтіп, ауру үстіне ауру жамайды дейді мамандар.

Бұл мәселенің де түйіні шешілді. Қазір ауыл ортасынан заманауи медициналық пункт құрылысы басталды. Салалық басқарма өкілдерінің айтуынша, жалпы облыста былтыр 17 ауылдық амбулатория жаңадан салыныпты. Ал күрделі жөндеуді күтіп  тұрған медициналық мекеме әлі де  жетерлік.

Төлеген Жігітаев, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Облыста тозып тұрған 65 нысан бар. Әрине оның бәрін бір-екі жыл ішінде жөндеп тастау мүмкін емес.Өйткені 13 миллиард теңге қажет. Бұл аз қаражат емес. Сондықтан біз бұл жұмысты кезең-кезеңге бөліп істеуді жөн көріп отырмыз.

Мамандардың сөзінше 65 мекемені жөндеу алдағы бес жыл ішінде іске асырылуы мүмкін.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов