Қостанайда медициналық орталық ашылды

Жаңа нысанда хирургиялық бағыттағы бірнеше қызмет көрсетіледі.

Яғни бір жерде бастан-аяқ қаралып, ем-домыңды алып шығасың. Диагностика, операция заманауи ультрадыбысты, лазерлі аппараттармен жүргізіледі.

Қостанайдың «Әуежай» шағын ауданында ашылған медициналық орталық көп салалы емдеу мекемесі. Мұнда тоқ ішек, қан тамырлары, қалқанша безі, варикоз ауруларын хирургиялық жолмен емдеуге барынша жағдай жасалған.

Мансұр Қараев, анестезиолог-ревмотолог дәрігер:

- Бізде әрі стационар,әрі амбулатория әрі ота жасайды. Келіп алып, бір мекемеден бір кликиадан көптеген көп салалы мамандар болуына тиісті, әрбір әр саладан медициналық қызмет алуға мүмкіндік болады. Ультрадыбысты зерттеу аппараты бар, ФГДС аппараты бар, лаборатриялық зерттеулер жүргізіледі. Ота жасағанда лапроскапиялық аппараттармен жұмыс істейміз.

Стационар 40 керуерт орынға есептелген. Екі операция жасау залы бар. Орталықта барлығы 40-50 адам жұмыс істесе, соның үштен бірі хирург дәрігерлер.

Виктор Гаврилов, медициналық орталықтың бас дәрігері:

- Біз жылына екі мыңнан астам операция жасауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде еліміздегі клиникалардың көбі коммерциялық негізде ақылы қызмет көрсетеді. Ал біз міндетті медициналық сақтандыру қорымен тығыз байланыста жұмыс істеп, тегін емдеуге дайынбыз. 

Жаңа медициналық орталықтың жағдайымен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту басым бағыттардың бірі екендігін атап өтті.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Осындай орталықтардың ашылып жатқандығы жақсы үрдіс. Ол халық денсаулығын нығайтудың бірден бір кепілі. Қазір ауыл медицинасын өркендетуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл жыл аяғына дейін облыс бойынша 25 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы аяқталып, тапсырылады.

Қостанайдағы жаңа медициналық орталық күніне жүзден астам адам қабылдайды. Алғашқы хирургиялық операциялар да жасалды.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг