Елімізде жыл сайын 5000 сәби жүрек ақауымен дүниеге келеді
Елімізде жыл сайын ашық жүрекке орта есеппен 2000-ға жуық операция жасалады, деп хабарлайды 24kz.
Оның 75%-і туа біткен жүрек ақауы бар 1 жасқа дейінгі балаларға жасалады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі осындай. Ал Астанадағы Балалар кардиохирургиясы орталығы күніне шамамен 4 шақалаққа түрлі деңгейдегі операция жасайды.
Альмира Оразбай, тілші:
- Нұртас Барахов Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тұрғыны. 4 жасар баласы жүрек ақауы диагнозымен туылған. Биыл баласының жүрегіне үшінші рет операция жасатты. Қазір оның жағдайы қалыпты деп бағаланып отыр.
Нұртас Барахов, Түркістан облысының тұрғыны:
- Бұған дейін ашық түрде 2 операция болды, осы ауруханада жасалды. Осы соңғы оталардың бірі деп сеніп отырмыз, балам жақсы болып кетсе, осы дәрігерлерге алғысымыз шексіз.
Альмира Оразбай, тілші:
- Ал мына шақалақтың туылғанына небәрі 6 ай. Анасы кезек күтіп, квота арқылы жүрегіне алғашқы операция жасату үшін Балалар кардиохирургиясы орталығына келген.
Аяулым Жақанова, қала тұрғыны:
- Бізде порок сердца. Күрделі операция болайын деп жатыр, 1 сағаттың ішінде қазір. Бұл екінші балам, «солнечный ребенок» дейді ғой, күн баласы. Ондай балдардың өздерінде порок сердца болады. Сол біз осы клиниканы таңдадық. Мұнда өте жақсы дәрігерлер, бізді өте жақсы дайындады.
Балалар кардиохирургиясы бөлімінің дәрігерлері биыл мыңға жуық баланың жүрегіне операция жасаған. Олардың арасында жаңа туған сәбиден бастап жасөспірімдерге дейін бар. Бірақ мамандар жүрек ақауымен туатындардың көбейгенін айтады. Ресми статистикаға сүйенсек, жыл сайын 5 мың сәби туабітті жүрек ақауы диагнозымен дүниеге келеді екен.
Шухрат Марасұлов, Балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі:
- Елімізде жасөспірім баланың жүрегіне алғашқы операция 2004 жылы жасалды. Ал 2005 жылы алғаш рет жүрегінде ақауы бар жаңа туған нәрестеге операция жасалды. Бұл Қазақстан медицинасындағы балалар кардиохирургиясында жаңа кезеңді ашты. Негізі мұндай диагнозға түрлі себептер әсер етеді. Егер жүктілік кезінде анасы ауырса немесе қатты уайымға түссе, онда ол балаға беріледі. Сәйкесінше, нәрестеде туабітті жүрек ақаулары
Балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігерлері инвазивтілігі аз операциялар жасайды. Яғни ауру күрделі болмаса, онда жүректің орнына жамбастағы қан тамырлары арқылы ота жасалады. Бұл баланың тез қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Амангелді Керімқұлов, Балалар кардиохирургиясы орталығының директоры:
- Күніне 3-4-5 операция жасаймыз. Бізде аптасына 5 күн жұмыс күні бар. Соның 5 күнінде осындай операция жасалып тұрады. Аурухананың іргесінде мыңға жуық балаға біз ота жасаймыз. Оталардың түрлері бар ашық күйде, жабық күйде жасалынатын. Тек жүрекке емес, қосымша ақаулары болса өкпе жағынан, бүйрек, бауыр, басқа да болса, оны комплексті түрде осы жерде ем жүргіземіз.
Орталықтағы білікті дәрігерлерге квота арқылы қаралып, тегін операция жасатуға болады. Ал өзге өңірлердегі шұғыл операцияны қажет ететін балалар үшін санитарлық авиация қарастырылған.
Авторлары: Альмира Оразбай, Асхат Қарақойшиев