Елімізде 4000-нан астам науқас ағза ауыстыруға мұқтаж

Елімізде 4 мыңнан астам адам ағза ауыстыруға мұқтаж, деп хабарлайды 24kz.

3661 ересек пен 85 баланың бүйрегін алмастыру қажет. Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың дерегіне сүйенсек, 180 ересек адам және 10 бала бауыр ауыстыру кезегін күтіп жүр. 136 үлкен адам мен 5 баланың жүрегіне шұғыл трансплантция қажет. Биыл жыл басынан бері Қазақстанда қайтыс болған 5 адамның ағза мүшелері донорлыққа алынып, 19 адамның өмірін сақтап қалған. Ал, биыл 6782 қазақстандық қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген.

Елімізде жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі трансплантацияланады. Дәрігерлер қайтыс болған 1 донордың ағзасы 5 адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін айтады.

Айта кетейік, бүгін – Дүниежүзілік донор күні. Бұл күн әлемнің түкпір-түкпіріндегі қан донорларына құрмет көрсетуді, сондай-ақ қоғамға қан тапсырудың маңыздылығын түсіндіруге ықпал етуді мақсат етеді.