Алматыда 726 жасөспірім папиллома вирусына қарсы екпе алды
Алматы қаласында 726 қыз балаға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салынды.
Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Қала бойынша 977 жасөспірімнің ата-анасы осы вирусқа қарсы екпе жасауға келісімін берген. Енді 12 және 13 жастағы қыздардың ата-аналары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Адам папилломасы вирусы жатыр мойны обырының пайда болуына әкелетіні әлемдік медицинада дәлелденген. Бүгінде бұл қатерлі дерт онкологиялық аурулар бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын елде жатыр мойны обырының 2000-нан астам жаңа жағдайы тіркеледі. «Дегенмен, екпе арқылы қатерлі аурудың алдын алуға болады», - дейді дәрігерлер.
Айнұр Бишманова, педиатр дәрігер:
- Баланы алдымен дәрігер қарайды. Қандай да бір қарсы көрсетілімдер болса, екпе егу уақытша кейінге шегеріледі. Ал егер бәрі дұрыс болса, процедуралық кабинетке жіберіледі. Екпе алғаннан кейін жарты сағат дәрігердің бақылауында болады. Бүгінге дейін қыздарда екепінің ешқандай кері әсері байқалған жоқ.