Талдықорғанда есірткі мен ішімдікке тәуелді адамдарды емдейтін орталық жабылды

Талдықорғанда ішімдікке және есірткіге тәуелді адамдарға психологиялық көмек көрсететін орталық жабылды, деп хабарлайды 24KZ.

Демеушілер қаржысына жұмыс істеген жекеменшік мекемеде былтыр 16 адам оңалтудан өткен. Қазір мұнда келушілер көбейген. «Ал оларға жәрдемдесу үшін мемлекет тарапынан көмек керек», – дейді орталық басшысы. 

Әсет Жараспаев ащы суға әуестігін қоя алмай ғұмырының 6 жылын наркологиялық диспансерде мәжбүрлі ем қабылдаумен өткізген. Маскүнемдіктің соңы тұйыққа тірейтінін түсінгенде ішімдікті татпайтын болған. Содан кейін психологиялық орталық ашып, өзгелерге көмек көрсете бастады.

Әсет Жараспаев, психологиялық орталықтың басшысы:

- Есірткі мен ішімдікке тәуелді әр адам – мүгедек. Олар басқаша ойлайды. Біз олардың бүкіл өмірін қағазға жазғызып, сараптау арқылы ішімдікке салыну себебін анықтап береміз. Жеңу жолын көрсетеміз. Өзіне деген сенімділігін арттырып, маскүнемдіктен арылтамыз.

Орталықтың көмегіне жүгінгендердің бірі – Арнұр. Бір жылдай есірткі пайдаланған ол зиянды әдеттен арылып, қазір жоғары оқу орнында білім алып жатыр.

Арнұр:

- Көп адам наркологияға келуге қорқады. Өйткені оларды тіркеуге қойып тастайды. Мен негізі осындай орталықтарды қолдаймын.

Қазір орталық жұмыс істемейді. Бастаған ісін қайта жалғастыру үшін Әсет Жараспаев мемлекеттік мекемелерге бірнеше рет жүгінген.

Сәния Наурызбаева, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Әлеуметтік қорғау саласы мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істейді. Оның ішінде жүйеке ауруына шалдыққан адамдарға арнаулы әлеуметтік көмек көрсетумен айналысады. Бұл контингент әлеуметтік қызмет көрсететін саласына жатпайды.

Иван Самойленко, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ОФ директоры:

- Медициналық сақтандыру қорында ерікті әрі консультативті көмек көрсететін әлеуметтік медициналық ұйымдарға қаражат қарастырылмаған.

Облыстық психикалық денсаулық орталығында психоактивті заттарды қабылдағаны үшін 3700 адам есепте тұр.

Самат Талғатұлы, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры:

- Есірткі мен ішімдікке салынғандар саны бұдан да көп. Өйткені салада белгілі шектеу бар. Мысалы, науқастың есірткі қолданғаны туралы тест оң нәтиже берсе де, оларды тіркеуге алмаймыз. Себебі пациентті тұрақты бақылауға алу үшін олардың келісімі керек. Заңда солай көрсетілген.

Жыл сайын облыстық наркологиялық диспансерде 2 мыңнан аса адам емделеді. «Бірақ олардың жартысы бұрынғы сүрлеуіне қайта түседі», – дейді дәрігерлер.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.