Астаналық дәрігерлер кесілген саусақты қайта қалпына келтірді
Астаналық дәрігерлер 18 жастағы жігіттің кесіліп қалған үш саусағын қайта қалпына келтірді.
Бірегей операция 9 сағатқа созылған. Микрохирургиялық жолмен жасалған отаны Академик Нұрлан Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының хирургтері жасады. Мұндағы ақ халаттылар заманауи технологияларды батыл қолдана бастағанын айтады.
Руслан ағасына көмектесіп жүріп, саусақтарын абайсызда электрлі араның жүзіне түсіріп алған. Ағашпен бірге үш бірдей саусағы шорт кесілген. Абырой болғанда әкесі дер кесінде алғашқы көмек көрсетіп, бірден травматология орталығына жеткізіп үлгерді. Орталық дәрігерлері шұғыл операцияға кірісіп, бозбаланың саусақтарын қайта қалпына келтірді. Отадан 9-күн өткеннен кейін, саусақтарын сезе бастағанын айтады.
Руслан Исабай, қала тұрғыны:
- Кішкентай ғана ағаш. Ұзындығын кесіп жатқанбыз, үш саусағым кіріп кетіп, кесіліп түсті. Селк ете қалды, түсінбедім. Сегіз сағат болды операция, таңғы 06:00-де бітті деді. Қосылған жерлері сезіледі.
Дәлдік пен шеберлікті талап ететін мұндай операцияны травмотология орталығының дәрігерлері жиі жасайды. Сынған саусақты қалпына келтіру қазір тіптен жеңілдей түскен, дейді дәрігерлер. Бұған дейін дәл осындай оншақты операция жасаған.
Әділ Әбдікерімұлы, хирург:
- Саусақ, қол, аяқ болсын түсіп қалса қайтадан жалғауға 6 сағат уақыт ішінде мүмкін болады. Бір айда ренгенге түсіріп сүйегі жақсы болды ма деп көреміз. Негізі 21 күннен бастап сіңірлері мен қан тамырларын сыртқы күшпен әрекет жасауына болады. Сүйектері біткен болса, жұмыс істеуіне болады.
Білікті мамандар қазір заманауи технологияны қолдана отырып, ең күрделі деген операцияларды сәтті жасап жүр. Мәселен осы орталықта робот қондырғы арқылы ірі буындарды эндопротездеу бойынша 5 операция жасалды.
Тимур Байдарин, Эндопротездеу бөлімшесінің меңгерушісі:
- Біздің институтта 3 эндопротездеу бөлімшесі бар, онда жыл сайын 1800-ден астам эндопротездеу операциялары жүргізіледі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар күту парағына тіркеліп, соған сәйкес ауруханаға жатқызылады. Бұл операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру желісі бойынша толығымен тегін жүргізіледі.
Қазір Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығында өңірден келген дәрігерлерге шеберлік сабақтары өткізіліп жатыр. Яғни мамандар роботтандырылған жүйемен эндопротездеуді үйренеді.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мадияр Қындыбаев