Депутат емдеу ұйымдарының қаржыландырылуын жақсартуды ұсынды

Денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың қолданыстағы үлгісі медицинадағы өзекті мәселелерді толық шеше алмай отыр. Бюджеттің өскеніне қарамастан қаржылық ресурстар тиімсіз пайдаланылу үстінде. Бұл туралы сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Халықты сауықтыруға бағытталған қаржы 2,5 есе көбейгенімен, жалпы ішкі өнім үлесінің көрсеткіші небәрі 3,7% шамасында қалып қойған. Ал өзге дамушы елдерде бұл индикатор әлдеқайда жоғары. Сондықтан сенатор денсаулық сақтау саласы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін трансформациялау тетіктерін қайта қарауды және емдеу мекемелерінің қаржыландырылуын жақсартуды ұсынды.

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мекемелеріндегі ақпараттардың ашық болмауы, штабтардың шамадан тыс көптігі, еңбекақылары медицина қызметкерлері жалақысынан артық болуы қоғамдық-саяси ахуалға өз әсерін тигізуі мүмкін. Кәсіби дәрігерлердің бірнеше мекемеде жұмыс істеуі және жоғарыдағы кемшіліктердің салдарынан халқымыз өзіне тиесілі сапалы қызметтерді ала алмайды. Медициналық мекемелердің қаржылық жағдайын, сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеу және медициналық сақтандыру жүйесі тариф мәселелерін кешенді түрде шешуді сұраймыз.