Жетісу облысында дәрігерлерге көтерме ақы төленді

Жетісу облысында жаңадан келген 25 дәрігерге 5 миллион мен 10 миллион теңге аралығында көтерме ақы төленді.

Аймақтағы ауруханаларға білікті әрі қажет мамандарды тарту үшін жергілікті бюджеттен 595 миллион теңге бөлінген. Осылайша өңірдегі кадр тапшылығы ішінара шешіліп, медициналық мекемелер жас мамандармен толыға бастады.

Қолдау қаражатына қол жеткізгендердің бірі  Еламан Нұрқанатұлы. Былтыр жоғарғы оқу орнын бітіріп, Талдықорғандағы кардиологиялық орталықта еңбек етеді. Анестезиолог-реаниматолог күрделі операцияларға қатысып, операцияның сәтті өтуіне үлес қосып жүр. 

Еламан Нұрқанатұлы, анестезиолог-реаниматолог:

- Жалпы оқу мерзімі бізде он жыл уақыт кетті. Оқуды тәмәмдап келгенде жас мамандарға осындай көмек көрсетілсе, үлкен қолдау деп ойлаймын. Оны тұрмыс-тіршілікке, үй алуға үлкен көмегін көрсетуде.

Жетісу облысындағы медициналық мекемелерге 186 дәрігер қажет. Жаңа жоба кадр тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етті,  дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров. 

Арман Жансеңгіров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұрында бізге 80 дәрігер келетін жыл сайын, бүгінгі күнге қыркүйек айында 152 дәрігер келді. Облыстан берілген көмек сапалы медициналық көмекті жақсартуға ықпал етеді.

Бағдарламаға сәйкес қалаға келген дәрігерлерге 5 млн теңге, ауылға барғандарға 10 млн теңге беріледі. Сала жауаптылары жыл соңына дейін 40 дәрігерге көтермеақы төлеуді жоспарлап отыр. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов