Елордада ем алатын шетелдіктер көбейді

Елордада ем алатын шетелдіктер көбейді

Ел тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 68 жастан 75-ке дейін ұлғайды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл – денсаулық сақтау министрлігінің дерегі. Заманауи технологиялық медициналық қызметтерге жұмсалатын қаражат көлемі де 4 есе өсті.

Айта кеткен жөн, елордада ем алатын шетелдіктер көбейді.

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Шухрат Марасулов еңбек жолында 2 мыңнан астам бүлдіршіннің жүрегіне операция жасаған. Дәрігердің айтуынша, күрделі патологияларға шалдыққандардың басым бөлігі – балалар.

Шухрат Марасулов, ҰҒМО Балалар кардиохирургиялық бөлімінің басшысы:

- Соңғы 20 жылда отандық медицина жаңа сатыға көтерілді. Біздің бөлімшеде жүрек ақауымен туылған нәрестелерге күрделі операциялар жасалды. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Балалар кардиохирургиясы бойынша операциялардың басым көпшілігі біздің орталықта жүргізіледі. Біз тек жүрек трансплантациясын жасамаймыз. Өзге барлық қызмет түрін көрсетеміз.

Бұрын елде мұндай операциялар жүргізілмегендіктен, науқастар шетелге шығуға мәжбүр болатын. Қазір тек елорданың балалар кардиохирургиялық клиникасында жылына мыңға жуық адамға операция жасалады.

Амангелді Керімқұлов, ҰҒМО Балалар кардиохирургиялық бөлімінің директоры:

- Оның 550 операциясы ашық түрде жасалса, қалғанын жабық түрде жасаймыз. Қазақстан бойынша орташа есеппен 3,5-4 мың балаға кардиохирургиялық көмек көрсетіледі.

Бұл гамма пышақ. Бұл құрылғының көмегімен ісіктерді, тамыр және ми ауруларын адам ағзасын кеспей, наркозсыз емдейді. Яғни, операция сәуле арқылы жасалады. Мұндай күрделі әдіспен Қазақстанда үш жылдан бері науқастарға медициналық көмек көрсетеді.

Нұрзат Сығай, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирург дәрігері:

- Алғашында біз 1-2 науқастан емдеген болатын болсақ, бүгінгі таңда науқас санының көбеюіне байланысты күніне 3-4 ота жасаймыз. Көрші елдерден келеді. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей елдерінен келген науқастар болды.

Қазақстан Орталық Азияда «гамма пышақты» қолданған алғашқы ел. Әлемде жалпы 400-ге жуық осындай жоғары технологиялық қондырғылар бар. Олардың жартысынан астамы АҚШ пен Жапонияда. Қазір елге емделуге жақын және алыс шетелдерден науқастар келеді. Еліміздің азаматтары үшін операциялар тегін жүргізіледі.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Руслан Алиев