Қазақстанда жылына 40 мыңнан астам адам инсультке ұшырайды

Біздің елде жылына 40 мыңнан астам адам инсультке ұшырайды, деп хабарлайды 24kz.

Былтыр тіпті бұл көрсеткіш 45 мыңға дейін жеткен. Инсульт алғандар арасындағы өлім-жітім жүрек ауруларынан кейінгі екінші орында тұр. Республикалық диагностикалық орталықтың неврологы Гүлжан Жоламанованың айтуынша, инсульт алғандардың 35%-і өмірмен қош айтысады. Ал 30%-ке жуығында неврологиялық өзгерістер пайда болады. Көп жағдайда бұл тірек-қимыл аппараты жұмысының бұзылып, өз бетімен жүріп-тұрудан қалу, сол сияқты сөйлеу, есте сақтау қабілеттерінің нашарлауы. Инсультті толық емдейтін дәрі әзірге жоқ. «Бірақ оны тудыратын ауруларды алдын ала анықтап, болдырмаудың емі жетерлік», - дейді дәрігер.

Гүлжан Жоламанова, невропатолог:

- Инсультті тудыратын негізгі бірқатар аурулар бар. Олар қан қысымының көтерілуі, қант диабеті және жүрек аурулары. Адамдар көп жағдайда осы ауруларға шалдыққанын байқай бермейді. Сондықтан емделмей ұзақ уақыт жүріп қалуы мүмкін. Соның кесірінен инсульттен зардап шегіп жатады. Сол секілді зиянды әдеттер, дұрыс тамақтанбау, ұйқының бұзылуы және шаршап-шалдығу да тікелей инсультке алып келуі мүмкін.