Адамдар инсульттің алғашқы белгілеріне назар аудармайды – дәрігерлер
Елде жыл сайын 40 мыңға жуық адам инсультқа шалдығады, деп хабарлайды 24kz.
Былтырғы көрсеткіш 45 мыңға дейін өскен. «Жедел медициналық көмек жылдам көрсетілсе, науқастың мүгедек болу ықтималдығы төмен болады», - дейді мамандар. Ал бұл індеттің емі бар ма? Оның алдын алуға бола ма?
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Қазір елде 80-нен астам инсульт орталығы бар. Оның 62-сінде толыққанды ем көрсетіледі. Науқастарға тромболитикалық дәрі тегін беріліп, операция тегін жүргізіледі. Десе де, неврологтар: «Инсульт қаупін азайту үшін әр адам оның алдын алу әдістерін білуі керек», - дейді. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инсультті індет деп жариялаған. Бұл дертті анықтайтын бірден бір тәсіл – ол FAST тест деп аталады. Яғни, адамның бетінің қисайып, тілінің күрмелгенін немесе қолын жоғары көтере алмайтынын көрсеңіз, шұғыл түрде 103 нөміріне хабарласу қажет. Себебі, бұл – инсульттің басты белгілерінің бірі.
Сәбина Медуханова, невролог:
- Бізге ең негізгісі азаматтардың инсульт белгілерін білу маңызды. Білсеңіздер, тез арада жедел жәрдем шақыртып, жақын маңдағы инсульт орталығына жеткізу керек. Сонда аған біз ол кісілерге көмек бере аламыз. Инсульттің алдын ала аламыз. Алдын алатын ұандай әдістер десеңіз, созылмалы аурулар, артериальді гипертензия, қант диабеті, холестерин деңгейі жоғары болса, осы ауруларға қарсы дәрі-дәрмектерді уақытылы ішу керек.
Дерттің белгілері білінген сәттен 4,5 сағат ішінде көмек көрсетіліп, арнайы операция жасалса, оның ізі де қалмайды екен. Яғни, ең жақын инсульт орталығына жүгініп үлгерсеңіз, ондағы «терапиялық терезе» қағидатымен жедел көмек көрсетіледі. «Инсультті дер кезінде анықтаса, оның салдарынан туындайтын көптеген проблемалардың жолын кесуге болады», - дейді дәрігерлер. Алайда, адамдардың кейбірі инсульттің алғашқы белгілеріне назар аудармайды. «Жай ғана бас ауруы ғой» деп қабылдап, сан соғып қалып жатады.
Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының орынбасары:
- Бұл індеттің ең қиыны көбі сал болып қалады. Сондықтан инсультті емдеуден гөрі оның алдын алу қажет. Әр адам өз денсаулығына немқұрайлы болмаса екен деймін. Мәселен еліміздің кез-келген емханаларында 40 жастан асқан адамдарға скринингтен тегін өтуіне болады. Қан қысымы, қандағы холестерин, жүрек ауруларын тексереді.
Дәрігерлер, инусльт жас талғамайтынын айтады. Сондықтан аурудың алдын алу маңызды. Салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану қажет. Ең бастысы, күнделікті тұз бен қантты тұтынуды азайтқан абзал.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Әбдулхамит Бөлекбаев