Ұлытау облысында суықтан ауырғандар көбейді

Ұлытау облысында жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандар саны көбейіп тұр.

Суық тиіп ауырғандардың дені жасөспірімдер мен балалар. Әйтсе де өңірде тұмау жұқтыру дерегі тіркелмепті. Соған қарамастан дәрігерлер тұмауға қарсы екпе салдыруға шақырады. Вакцина адам ағзасын қауіпті вирустан қорғайды әрі асқынудың алдын алады дейді мамандар. Облыс бойынша тұрғындарды тұмауға қарсы иммундау науқаны қыркүйектің ортасынан басталды. Бүгінгі күні халықтың 14 проценті екпе салдырды. Ал тегін иммундауға жататын топтар үшін вакцинаның 37 мың дозасы алынған.

Гүлсара Аймұрзинова, Ұлытау облысы СЭБ департаментінің ресми өкілі:

- Бұл вакцина кімдер үшін? Бұл 65 жастан асқан ересек адамдар үшін, алты айдан асқан балалар үшін 15 жасқа дейінгі, сонымен қатар балалар үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйі жатады. Осы вакцинаны бүгінгі күні 90 пайыз контингент алып үлгерді. Дегенмен де аламын деп ниет білдірушілер үшін өзінің жергілікті тұрғылықты мекенжайында бұл вакцинаны барып тегін алуға болады.