Темекі тарту өкпенің қатерлі ісігіне себепкер болады
Өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардың 90 пайызы темекіге әуес.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы темекінің кесірінен жылына 8 млн адамның көз жұматынын мәлімдеген.
Олардың ішінде 2 млн жуығы темекі шекпесе де лажсыз түтінге уланып жүргендер. Дәрігерлер никотин мен табактың құрамындағы өзге де зиянды заттар обырдың 14 түріне әкеп соғатынын айтады. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті онкология кафедрасының ассистенті Азамат Жарылғапов өкпенің қатерлі ісігі әсіресе ерлер арасында көп кездеседі дейді.
Азамат Жарылғапов, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің онкология кафедрасының ассистенті:
- Шылым түтіні қандай органмен байланысады соның барлығына дерлік, сол органдардың обырына, қатерлі ісігіне әкеледі. Яғни еріннің обыры, ауыз қуысының обыры, жұтқыншақ, кеңірдек, көмей рагы, болмаса өкпе рагы, барлығы дерлік осы темекі түтінімен контактілейтін организм тканьдері болып табылады. Осы тканьдердің барлығында дерлік рак дамиды. Өкпе обырының өзін алатын болсақ, өкпе обырына шалдыққан адамдардың 90 пайызы шылым шегушілер болып табылады.