Павлодар облысында қатерлі ісікке шалдығу азайды

Павлодар облысында қатерлі ісікті ерте анықтау оң нәтиже бере бастады.

Былтыр өңір аурудың осы түріне шалдығу көрсеткіші жөнінен республикада үшінші орында тұрған. Биыл бесінші орынға төмендеді. Қазір облыс бойынша 13 мыңнан астам науқас диспансерлік есепте тұр. Жыл сайын қатерлі ісік 2 жарым мыңға жуық адамнан анықталады. Тұрғындарға сүт бездері, ішек жолдары және жатыр мойнының қатерлі ісігіне тегін скрининг жасалады. Бұрын павлодарлықтар ауруды әбден асқындырып алған кезде есепке алынатын. Қазір науқастардың 70 пайыздан астамы ерте диагностикалау арқылы анықталады. Десек те, өкпенің қатерлі ісігі жергілікті онкологтарды алаңдатып отыр. Өйткені есепте 400-дей адам тұрса, оның 186-сы биыл анықталған.  

Ернұр Нұғыманов, онколог дәрігер:

- Ақырғы кезде жастар арасында дәл сол сияқты ересектер арасында электронды темекі, не болмаса вейб, кальян деген өте көп кездесіп жатыр. Бұлар дегеніңіз біз үшін тек қана қатерлі ісіктің әкелуіне емес, бұл қатерлі ісік пайда болғаннан кейін мұны емдеуіне, қиын емделуіне әкеледі. Біз үшін тек қана қаражат жағынан емес, науқас үшін болжамдары қиын болуы мүмкін.

Сергей Борисенко, облыстық онкологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі:

- Ауруды бастапқы сатысында анықтау барлық емханада жүргізіледі. Біздің диспансердің қабырғасында науқастар кешенді емдеуден өтеді. Әрі қарай бақылауымызда болады.  Яғни диагностика, биопсия және қосымша зерттеулер жүргізіледі. Қазір әрбір емханада онколог немесе онкологиялық қызметке жауапты дәрігер бар.