Атырау облыстық денсаулық сақтау саласы 13 дәрігермен толықты
Облыс әкімінің гранты арқылы резидентурада білім алған жас мамандар аймақтағы медициналық мекемелерге жұмысқа орналасты, деп хабарлайды 24kz.
Өңірде дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін 2017 жылдан бері облысы әкімінің 616 гранты бөлінді. Оның алғашқы легі өңірге енді орала бастады. Сонымен қатар биыл тағы 113 талапкер грантқа ие болды. Олар жоғары оқу орындарында бакалавриат және резидентура бойынша білім алып жатыр.
Алмагүл Әбілова, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бізде 139 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігерлер, хирург мамандар, акушер-гинеколог, эндокринолог мамандар жетіспейді өңірімізде. Биыл 109 маман жұмысқа орналасты. Сол мамандар тапшы дәрігерлердің орнын толтырады.