Семейде рентген-эндоваскулярлық операция бөлмесі ашылды

Семей медицина университетінің госпиталінде рентген-эндоваскулярлық операциялық бөлме қолданысқа берілді.

Орталық медициналық техниканың соңғы үлгідегі жабдықтармен жасақталған. Мұндағы ангиограф қондырғысы жүрек қантамырлары жүйесіне күрделі оталарды жасауға мүмкіндік береді. Өңірге жұмыс сапармен барған Парламент Сенатының депутаттары медициналық оқу корпусының ашылу салтанатына қатысты.

Заман талабына сай технологияны пайдалану - дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Соңғы 10 жыл ішінде елімізде 16 мыңнан астам адамға ангиографиялық операция жасалған. Ақ халаттылар шамамен 6 мың адамның жүрегіне стент қойып, өмірін аман сақтап қалды.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

- Бұл операциялардың барлығы біздің қазақстандықтарға тегін. Әрбір емханада операция жасау керек деген шешім қабылданса портал арқылы барып сол жерде операция жасауға болады. 

Бекжан Әшірбай Қызылорда облысының тумасы. 5-курс студенті Семей медицина университетін арнайы таңдап келген. Ол жаңа оқу корпусының ашылуы сапалы білім алуға үлкен мүмкіндік береді деп санайды.  

Бекжан Әшірбай, Семей медицина университетінің студенті:

- Жаңа корпус ол біздің студенттерге бакалавриатта магистратурада білім алатындарға жаңа мүмкіндіктер болып табылады. Және оларға жайлы жағдай жасайды. 

Университет қарамағында ашылған жаңа корпус барлық заман талабына сай жасақталған. Бір мезетте бес жүзге жуық баланы қабылдай алады. 

Нұртөре Жүсіп ,ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы:

- Жас түлектердің даярлығына көп нәрсе байланысты. Яғни олардың ертең білікті маман болып жұмысқа орналасуы, ар жағында баспана мәселесін шешу, жалпы димпломмен ауылға бағдарламасы секілді осы жас мамандардың шеткі, шалғай аймақтарға барып жұмыс істеу өте өзекті. 

Алтай Дюсупов, Семей медицина университетінің ректоры:

- Студенттерге оқытушыларға жақсы жағдай жасау. Оқу үшін білім алу үшін. Сапалы білім алып, мен ойлаймын ең бастысы жақсы болашақ дәрігерді даярлап, шығару.

Жалпы Семей медицина университетінде 6 мыңнан астам студент білім алады. Оның мыңнан астамы 11 мемлекеттен келген шетел жастары.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов