Қарағанды облысында медициналық нысандардың құрылысы қарқын алды

Қарағанды облысында медициналық нысандардың құрылысы қарқын алды.

Нұра ауданының өзінде келер жылы 10 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілмек. Ауқымды жұмыстар «Ауыл медицинасын дамыту» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Енді тұрғындар ем алу үшін шалғайдағы аудан орталығына немесе қалаға қатынамайды.

Заречный ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Бұған дейін тұрғындар ем қабылдау үшін қалаға баратын. Енді жергілікті дәрігерлер кез келген уақытта қажетті көмекті көрсете алады.

Ержан Сәкенов, Заречный ауылының тұрғыны:

- Үлкен кісілерге ыңғайлы, жүре алмайтын, көліктері жоқтары бар оларға қиын болатын таксимен әрі-бері жүру. Қазір барлығы осы маңайда. 

Жаңа ғимаратқа көшкелі дәргерлердің де жұмыс жағдайы жақсарған. Бұрын қажетті жабдықтың жоқтығынан олардың қолы қысқа еді. «Оның үстіне бөлмелері аядай ескі ғимарат жайсыз еді»- дейді осында ұзақ жылдар акушер болып жұмыс істейтін Несіп Әлнұрова.

Несіп Әлнұрова, акушер:

- Бұрын біз отырған ғимарат ескі болды. Типтік емес, жай үй болды. Онда жағдайымыз қиындау болды. От жағылатын, пешке көмір салатынбыз. Жағдайымыз жақсарды. Аппараттар әкелді. Барлығы таза, жаңа.

Қазір Нұра ауданында медициналық нысандардың құрылысы қарқын алған. Келер жылы «Ауыл медицинасын дамыту» ұлттық жобасы аясында 10 ауылда дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пунктер пайдалануға беріледі. Жаңа мекемелерді маманмен қамту мәселесіне де мән берілген. Әр келген жас маманға 8,5 миллион теңге көтермеақы төленеді. Бұған қоса баспана алуына қолдау көрсетіледі. 

Зинат Балтабаева, Нұра ауданы ауруханасы директорының орынбасары:

- Жас мамандарды ауылға тарту өте қиын. Қазіргі әлеуметтік қолдаулар олардың қызығушылығын тудырып отыр. Бұрын-соңды жетпеген салалық дәрігерлер келді. Қазір ауданда кардиолог қана жетіспейді. Себебі дәрігеріміз бала тәрбиесімен үйде отыр. 

Жалпы ұлттық жоба аясында өңірге қарасты шалғай ауылдарда 47 медицинаық пункт, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 дәрігерлік амбулатория салынады. Олар заманауи үлгіде жабдықталып, қызмет көрсету сапасы жақсарады, дейді мамандар. 

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зулпыхар