Елімізде бір айда 544 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырған
Елімізде қыркүйекте 544 мыңнан астам адам жедел респираторлық вирустық инфекциясын жұқтырған, деп хабарлайды 24kz.
Ал өткен айдың алғашқы аптасында 170 мыңнан аса адам осы ауруға шалдыққан. Бұл тұста мамандар дабыл қағып, эпидемиологиялық маусымда түрлі инфекциядан сақ болуға шақырады. Себебі инфекция өкпенің қабынуына алып келеді. Ал оның алдын алу үшін не істеу қажет?
Асыл Қуанышбекқызы, тілші:
- Ләззат Амангелді – Астана қаласының тұрғыны. Көпбалалы ана күз келсе, дәрі-дәрмек алып, қамдана бастайды. Себебі эпидемиологиялық маусымда балалары бірінен соң бірі ауырып, мазасызданады екен. Қазірдің өзінде кішкентайларының қызуы жиі көтерледі. Сондықтан үнемі дәрігерге жүгінуге мәжбүр.
Ләззат Амангелді, қала тұрғыны:
- Қандай тұмау екенін өзіміз түсінбей жатырмыз. Менде балаларым қатар бір-біріне тез-тез жұқтырып жатыр. Бұрын болғанда парацетомол, аналгинмен жазылып кететінбіз. Қазір міндетті түрде антибиотик алуым керек, система алуымыз керек.
Көпбалалы ананың айтуынша, биылғы вирус былтырғыдан қаттырақ. Мұны дәрігерлер де растап отыр. Жедел респираторлық вирустық инфекцияның белгілері көп. Мәселен адам бойындағы күш құрып, тағамға тәбеті болмайды. Бұлшықеттері сыздап, буыны сырқырайды. Көзі қызарып, жасаурайды. Кейін тіпті өкпе қабынып, тыныс алу қиындайды екен.
Салтанат Төлеутайқызы, дәрігер-инфекционист:
- Көбінесе жедел респираторлы вирустық инфекцияларды жеңіл деп көрінеміз ғой. Ауырып жүре береміз. Көп адамдар байқамайды. Ол егер нағыз тұмау болатын болса, асқынулары пневомания, содан кейін өкпенің ісінуі, тыныс алу жеткіліксіздігі, мидың ісінуіне алып келуі мүмкін. Тұмаудың өткен стереотиптері бар. А, В, С деген типтері бар. Биыл болжам бойынша көбіне А және В да қатар жүруі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, алдағы эпидемиологиялық маусымда тұмаудың 3 штаммы қауіпті болмақ. Сондықтан мамандар күз басталғалы тұмау ауруларының алдын алуды бастап кеткен. Бүгінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен вирусқа тосқауыл болатын 2 млн 207 мың доза ресейлік вакцина сатып алынды. Бұл ел халқының 11%-ін қамтуға мүмкіндік береді.
Сархат Бейсенова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
- Вакцинация жалғасуда. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебін халықтың неғұрлым осал топтары, медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің балалары эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцина алуда.
Асыл Қуанышбекқызы, тілші:
- Жыл сайын елімізде шамамен 4 млн вирустық инфекция мен 2 мыңға жуық тұмау оқиғасы тіркеледі. Ауруын асқындырып алғандір тіпті көз жұмып жатады. Бұл тұста мамандар тұмаудың бірінші белгілері байқалса, бірден дәрігерлерге жүгінуді ескертеді. Сондай-ақ вакцина алуға шақырады.
Авторы: Асыл Қуанышбекқызы