Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыратын заң күшіне енді
Елде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заң күшіне енді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Жаңа заңға сәйкес денсаулық сақтау мекемелері медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға міндетті.
Жинақталған қаражат дәрігердің абайсызда жасаған кәсіби қателіктерінен зардап шеккен емделушіге төленеді. Заң аясында сақтандыру төлемдерінің ең төменгі сомасы белгіленді. Мәселен, емделушіде үшінші, екінші және бірінші топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда 500, 600, 800 АЕК, өлімге әкелген жағдайда 3 000 АЕК, мүгедектік белгіленбеген бірақ науқастың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін 300 АЕК-тен аспайтын сақтандыру төлемдері берілетін болады.