Алматыда жүрекке тың тәсілмен операция жасалды

Алматы қалалық кардиологиялық орталығының дәрігерлері алғаш рет төс сүйекті кеспей, жүрек қақпашасындағы ақауды қалыпқа келтірді, деп хабарлайды 24KZ. Операция эндоваскулярлық әдіспен жасалды. Қазақстандық дәрігерлер мұндай емді соңғы 1-2 жылда тәжірибеге енгізген. Қазір үлкен ғылыми орталықтарда ғана жасалып жатыр.

Жүрек ауруынан әбден зардап шеккен жанның бірі – Сейілхан Әлімбекова. Жасы 70-ке жақындап қалды. Ауруы жанына батқан соң екі-үш ай сайын ауруханаға түсетін. Мұнда келгенде жағдайы тіпті ауыр болған. Ентігіп, жүре алмай қалған. Дәрігерлер оған артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, жүректің созылмалы жетіспеушілігі, метральды қақпақшаның жеткіліксіздігі деген диагноз қойған.

Сейілхан Әлімбекова, Алматы қаласының тұрғыны:

- 1 қарашада жасады. Бұрын мен бүйтіп жүре алмайтынмын. Қабырға жағалап, әрең дегенде дәретханаға зорға шығып кіретінмін. Қазір жағдайм жақсарды. 

Кеуде тұсын кеспей, жүрек қақпашасындағы ақауды жою – аз инвазивті операцияға жатады. Ол тамырға катетер енгізу арқылы жүзеге асады. Бұл тәсілдің ашық операциядан артықшылығы көп. Асқыну қаупі азаяды. Қан кету мен инфекция болмайды. Науқас тез қалпына келеді. Ашық отадағыдай тыртық қалмайды.

Оразбек Сахов, кардиологиялық орталықтың операциялық блок меңгерушісі:

- Жүректе 3 тамыр болса, соның екеуі 100%-ке жабылған. Үшіншісінде 85%-ке тарылған жері болды. Сол үшін бұл науқасқа ашық ота ұсынылды. Жүректі ашпай, екі түрлі паталогияны емдедік. Біріншісі, осыдан бір ай бұрын жүректің тамырын орнына келтірдік. Стенд қойдық. Қақпақшаны ауыстыру отасы. Митраклипті қою отасы. Бұл – өте күрделі ота. Бұл отаны жасау үшін ұзақ уақыт дайындалдық.

Операцияны жасауға мәскеулік әріптестері де көмектескен. Оған дейін дәрігерлер Ұлыбритания, Түркияда оқуда болып, шеберлігін арттырып келген. 

Роза Қуанышбекова, қалалық кардиологиялық орталық директоры:

- Біз медицинада соңғы шығып жатқан барлық озық әдісті өзімізде енгізіп жатырмыз. Бізге түскен науқастың көптеген созылмалы ауруры болды. Оның үстіне жасы да біразға келіп қалған. Ол ашық хирургиялық операцияны көтере алмайтын еді. Себебі операцияның уақыты, жасанды қан айналамының уақыты ұзарып кетер еді. Сондықтан эндоваскулярлық әдіске жүгіндік. Науқас үш күннен кейін үйге шығады.

Қазіргі күннің өзінде кардиологиялық орталықта метральды қақпақшаның жеткіліксіздігі диагнозымен 30 адам операция жасатуға кезекте тұр. Енді жаңа әдісті меңгерген дәрігерлер сол науқастардың дертін емдеуге дайын.    

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов.