8 медициналық анықтама цифрлық форматқа көшеді
Енді 8 түрлі медициналық анықтама электронды нұсқаға ауыстырылады.
Яғни азаматтар жиі қолданатын «еңбекке жарамсыздық парағы», «Баланың денсаулық паспорты», 075, 026, 073 секілді өзге де формадағы қағаз анықтаманы алып жүру міндеттелмейді. Сонда тұрғындар мекемеден мекемеге парақ қағаз тасып сабылмайды. Жалған анықтама жасату әрекеттері де тыйылмақ. Медицина саласын цифрландыру жайын Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов баяндады. Ол жеке медициналық кітапшалардың цифрлық форматқа көшірілетінін жеткізді. Бұл да жалған санитарлық кітапша жасатуға тосқауы болмақ. Сонымен қатар, қазақстандықтар медициналық кітапшаларын бірден бірнеше ұйымға ұсына алады. Осылай аз да болса қаражатын үнемдей алады. Қазір елде 1,6 млн кітапша қолданыста жүр. Вице-министр жаңашылдықтарды енгізу жұмысы қазірден басталып кеткенін және келер жылдың соңына дейін өңірлерді қамтитынын жеткізді.
Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Өте көп азаматтар клиникаларға барып, кезекке тұрып өздерінің тиісті медициналық анықтамаларын қағаз жүзінде алуға тура келіп жатыр. Кейбір кезде оның ішінде заңсыз берілген анықтамалар мен құжаттарды анықтап жатқан кездер де болады. Әлеуметтік желіде өздеріңіз де естіп жатырсыздар. Осы бағытта жұмыс бізде басталды. 2024 пен 2025 жылдың еншісінде біз осы анықтамаларды 100% ауыстыруға жоспарлап отырмыз.